Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында америкалық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман хабарлады. Ол індет өршіп тұрған кезеңде вакцина тиімді қорғаныс екендігін алға тартты.
Оның айтуынша, әлсіреген карантиндік шараларда вакцинациялау жұғу қаупі жоғары әрі вакцинаға төзімді жаңа штамдардың тууына жол ашуы әбден мүмкін.
Карантинді босаңсытып, вакцинациялау жүргізудің тиімділігі айтарлықтай болмайды. Бұл вирустың селекциялық қысыммен өміршеңдігін сақтап қалудағы қалыпты құбылыс. Осы орайда шығатын тұжырым – халықтың 80%-ы вакцина салдырмайынша, карантиндік шараларды әлсіретуге болмайды. Әйтпесе жаңа «толқындар» мен эпидемия тоқтамайды. Вакцина салдырмасақ, қатаң карантин жағдайында өмір сүруге тура келеді, - деді Алмаз Шарман.
Сондай-ақ бүгінгі таңда әлемде 4 млрд түрлі дозадағы вакцина салынған. Дәрігер вакцинаның құр өзі СOVID-19-ды тудырмайтыны анық деп отыр.
Кейбір сирек жағдайларда вакцинаның аллергиялық реакция, тромбоз сынды жанама әсерлері болуы мүмкін көрінеді. Мұндай реакциялар 50 мың вакцинацияланғандардың арасында біреуінде ғана кездеседі. Бұл кездейсоқтықты найзағай соғумен немесе құлап бара жатқан көпірдің астында қалумен салыстыруға болады.
Ондай жайттар өте сирек болатынын білеміз. Оның үстіне вакцина салдырмай, індет жұқтырып алсаңыз, қанның қоюлануы, тромбылар ауруға шалдыққандардың 20%-ында ауру ағымын қиындатады. Яғни әр бесінші адамда солай болады деген сөз. Бұл екпе алғандарға қарағанда 1000 есе көп, - деді дәрігер.