Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде V Халықаралық экономика, қаржы және энергетика конгрессінің (EFE'2022) ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
7-9 қыркүйек күндеріне жоспарланған шараның биылғы басты тақырыбы - «Пандемиядан кейінгі әлемдегі ақша-несие және қаржылық саясат: тәжірибе, мәселе және қиындықтар».
Аталмыш конгерсс 2014 жылдан бері Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Биылғы басқосуға әлемнің 16 елінен 90-нан астам ғалым, қаржыгер-экономист және энергетика саласы мамандары қатысуда.
EFE'2022 ашылу салтанатында Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінің Жоспар және бюджет комиссиясының төрағасы Жевдет Иылмаз, Түркия Жастар және спорт министрлігінің кеңесшісі Селим Жерраһ, V Халықаралық экономика, қаржы және энергетика конгрессінің төрағасы Невзат Шимшек, Нью-Йорк Тирана университетінің Өкілетті кеңес мүшесі Хасан Ташчы, Ибн Халдун университетінің ректоры Атилла Аркан, Ясауи университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек, ректоры Жанар Темірбекова және ректор өкілі Женгиз Томар сөз сөйлеп, шара жұмысына сәттілік тіледі.
Алғашқы сөз кезегін алған Халықаралық экономика, қаржы және энергетика конгрессінің төрағасы Невзат Шимшек бұған дейін өткізілген жиындарға тоқталып, әрбірінің мәні мен маңызын саралады. Ол ғалымдар мен сарапшыларға тәжірибелері мен білімдерін бөлісуге арналған алаң құруды көздейтін конгресс әлем елдерінің, әсіресе Еуразия аймағы елдерінің ақша-несие және қаржылық саясатындағы өзгерістер мен олардың ықтимал әсерін талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Халықаралық шараға арнайы келген Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінің Жоспар және бюджет комиссиясының төрағасы доктор Жевдет Иылмаз бауырлас Қазақстан және Түркия мемлекеттінің әрбір сала бойынша тығыз қарым-қатынасна сөзге тиек етті. Сондай-ақ, соңғы уақытта әлемде болған экономикалық және қаржылық жағдайларға назар аударып, осы бағытта қабылдаған шараларды Түркия Республикасының мысалында түсіндірді.
Айта кетейік, үш күнге ұласатын EFE'2022 конгрессіде қаржылық саясат, ақша-несие саясаты, орталық банк қызметі, қаржы нарықтары, институттары және интеграция, криптовалюталар, метаверс, белгісіздік және тәуекел, саяси тұрақсыздық, ғаламдық құн тізбегі, тұрақты даму, өсу мен таралу, жұмыс және жұмыспен қамтудың өзгермелі сипаты, сондай-ақ, экономика, қаржы және энергетика саласындағы басқа тақырыптар талқыланбақ.