Ұжымдық шарттың жоқтығынан еңбек даулары орын алады – депутат

8 Қазан 2020, 19:08
2490
Бөлісу:
Ұжымдық шарттың жоқтығынан еңбек даулары орын алады – депутат

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Қай қоғамда, қай уақытта болсын, ең басты фактор – адам, ал өмірдің мәні өркениет өлшемдері арқылы айқындалады. Оның еркі, күш-жігері, табандылығы мен білімі – жақсы өмір сүруінің кепілі. Бұл еңбек адамына тән қадір-қасиет болуы керек.

Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген осылай дейді. Оның сөзінше, еңбек адамы десе, адамдардың ойына бірден кәсіподақ ұйымдары оралатыны бекер емес.

Өзін, отбасын асырап, бала-шағаның қамын ойлап еңбек ететін адамдардың мүддесі мен құқығын қорғау өкілеттілігі еңбек заңнамаларына сәйкес жұмысшылар мен жұмыс берушілердің қалауымен құрылған кәсіподақ ұйымына тиесілі. Біз әлеуметтік әріптестік ынтымақтастығы мен өзара үйлестіру жұмысында мемлекеттік атқару органдарының ықпалдастық қызметіне де құрметпен қарауға тиіспіз. Сондай-ақ әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарды бас келісімге сәйкес тиімді жүргізу, атап айтқанда еңбеккерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, еңбек шарты мен ұжымдық шарттың қатаң сақталуына, еңбек қауіпсіздігі іс-шараларын ұдайы тиянақтай түсуіне, жалпы еңбек адамының лайықты тұрмыс сапасы мен жағдайын жасауға мүдделілік таныту – өте маңызды міндет, - дейді ол.
Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының таяуда өткен кезекті ХХVI сьезінде 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға - бірлікте» стратегиясы қаралып, бекітілгені белгілі. Бұл құжатта еңбеккерлердің еңбек құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ету, кәсіподақтардың рөлін арттыру, олардың құқықтары мен қызмет кепілдіктерін кеңейту мақсатында заңнамалық жетілдіру сияқты мәселелермен қатар, еңбек адамының түрлі саладағы жұмыс ерекшеліктеріне байланысты өз ұсыныстарын жинақтап, жүзеге асыру қарастырылған.
Екі миллионға жуық мүшесі бар Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының осы сьезіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған құттықтауында «Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі» деп атап көрсетті. Еңбек – Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы. Біз осыны дәріптеуіміз керек. Ал бұл жолда кәсіподақтарға жүктелетін міндет ерекше. Сонымен қатар әділетті әлеуметтік мемлекет құру үшін кәсіподақ қызметінің нысандарын үнемі жетілдіріп, әлемде болып жатқан өзгерістерге орай тиімді іс-қимыл стратегиясын әзірлеу де қажет болып отырғанын да айта кетуіміз керек, - деді М.Төлепберген.
Оның сөзіне қарағанда, Жамбыл өңірінде 15 салалық, 1300-ге жуық кәсіподақтың бастауыш ұйымында 122 мыңға жуық мүшесі бар. Осынға қарап-ақ азаматтық қоғам институтының әлеуеті мен қауымдастық ықпалы қандай екенін аңғаруға болады. Осы ұйымдарда ұзақ жылдар бойы еңбек заңнамаларының қадір-қасиетін түпкілікті қалыптастырып, жалпы еңбек адамының құқығын қорғап, мүддесіне қызмет етудің бай тәжірибесі қалыптасқан.
Кәсіподақтардың қазіргі қарекеті – жұмыскер мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек мәдениетін құндылық тұрғысынан орнықтыру. Ал жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында тиімді еңбек қатынастарын құрудың басты құралы – ұжымдық шарт. Кәсіподақ ұйымдары құрылмаған кәсіпорындарда ұжымдық шарт жасалмайды, соның салдарынан жұмыскерлер өз құқықтарын қорғай алмайды. Көп жағдайда мұндай түйткілдер шағын және орта бизнес өкілдері мен жұмысшыларының арасында туындап жатады. Еңбек адамының құқы мен мүддесін қорғау, қауіпсіздігін сақтау мәселесі өте маңызды екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сол себепті барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда ұжымдық шарттарды бекіту тетігін заңнамалық тұрғыдан тиянақтау ұсынылуда, - деп атап өтті өңірлік кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияда нақ осы көкейтесті мәселе талай мәрте қаралған екен. Өңірдегі кәсіпорындарда ұжымдық шарт жасау деңгейі 56 пайызды құрайды. Мейрамбек Төлепбергеннің пайымынша, бұл көрсеткіш – өзара түсіністік пен ұжымдық мәдениеттің өзіндік жемісі. Алда бұл бағытта жұмысты ширата түсу керек.

Жергілікті мәслихаттың депутаты әлеуметтік еңбек дауларын болдырмау да кәсіподақтардың назарынан түспегендігін жеткізді. Алайда, Жамбыл облысында әлі де болса, бірлі-жарым еңбек даулары орын алуда. Бұған бірден-бір себеп – ұжымдық шарт жасалмауы. Бұл құжат еңбек ұжымындағы тұрақтылық негізі, ал, еңбек дауы көп жағдайда кәсіподақ ұйымдары жоқ кәсіпорындарда орын алады.

Биыл індетке қарсы жалпыелдік күреске кәсіподақ ұйымдары қолдан келгенше атсалысып, бейбіт күннің батырлары – медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетті. Айталық, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің кәсіподағының Жамбыл облыстық филиалы 3,5 миллион теңге қаржы бөліп, медицина мекемелері мен қызметкерлерінің қажетті құрал-жабдықтарын сатып алуына көмектесті. Медицина қызметкерлерінің емделуіне сертификаттар беруде. Ал, білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы карантин шараларына байланысты кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделеріне қатысты арыз-өтініштері мен шағымдарын қабылдауды электрондық және әлеуметтік желі арқылы жүргізді. Осы арқылы 2 225 адамға құқықтық қызмет көрсетіп, 10 миллионға жуық қаржыға медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға, азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмек жасады. «Біз біргеміз!» қоғамдық қорына бір күндік жалақысын аударды, - деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Ол биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік жағынан қорғалуға жататын отбасылардың балаларына 353 планшет сатып алып беріп, осы мақсатта 66 миллион теңгенің жәрдемін көрсеткендерін де мәлімдеді. Жалпы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы биылдың өзінде 100 миллион теңге қаржыны еңбек адамдарын қолдау іс-шарасына жұмсаған. Мұндай ортақ тірлікке өңірдегі барлық сала кәсіподақтары белсене атсалысыпты. Бір ғана «Қазфосфат» ЖШС ұжымы аз қамтылған отбасылары мен көп балалы кісілерге 30 миллион теңгеге азық-түлік әпергені бар. Бұл иманды әрі ізгілікті тірлікке бастауыш кәсіподақ ұйымы ұдайы бастамашы болып, ұжымдық бірліктің үлгісін көрсетуде.
Қазақстан кәсіподақтарының төл мерекесі кезінде біз осы қоғамдық ұйымның қазақ жерінде бастау алған тарихына 115 жыл толып отырғанын айта кеткен жөн. Бұл күні осы институттың іргесін нығайтуға саналы ғұмырын, білімі мен ерік-жігерін арнаған аға ұрпақ өкілдерін құрметпен атаймыз. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігі жылдары кәсіподақтардың түрлі белесті кезеңдерден шыңдалып, ширап, кәсіби шеберліктермен, бекем бірлікпен Отанымыздың өркендеуіне ерен үлес қосып, қолтаңбасын қалдырған әріптестерге де зор құрметпен қараймыз. Кәсіподақтар өз қызметінде еңбек адамы – қоғам байлығы құндылықтарын аса қадірлеп, еңбеккерлер мүддесіне, мемлекеттің абырой биігіне қызмет етуді басты парызы деп біледі, - дейді М.Төлепберген.



Өзгелердің жаңалығы