Үздік үштік қатарында: Дубайдағы ЕХРО көрмесінде Қазақстан павильоны несімен есте қалды?

31 Наурыз 2022, 20:18
1781
Бөлісу:
Үздік үштік қатарында: Дубайдағы ЕХРО көрмесінде Қазақстан павильоны несімен есте қалды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін, 31 наурыз күні дүниежүзілік Expo 2020 Dubai көрмесі өз жұмысын аяқтайды. Бұл туралы BaigeNews.kz хабарлады. 

30 наурыз күні көрменің жұмысы қорытындыланып, ЕXPO Awards марапаттау салтанаты өткен болатын. 

Қазақстан Республикасының ұлттық павильоны әлемнің 192 мемлекеті арасынан 2-орынға ие болды. Осылайша, «Көрме тақырыбын ашу» аталымы бойынша күміс жүлдеге қол жеткізді. 

Одан басқа, Қазақстан павильоны «Үздік таныстырылым» аталымында бірінші орынды және халықаралық Exhibitor Magazine журналының нұсқасы бойынша «Үздік павильон» аталымында үшінші орынды жеңіп алды. 

Алты ай жұмыс істеген уақытта еліміздің павильонында 51 ресми және мәдени іс-шара өткізілді. Нәтижесінде сауда-экономикалық әріптестік саласында 16 келісім мен меморандум жасалды. Сондай-ақ Қазақстан өнімдерін жергілікті сертификаттаудан өтпей-ақ БАӘ нарығына кіруге мүмкіндік беретін қазақстандық «Халал» сертификатын мойындау туралы келісімге қол қойылады деп жоспарлануда. 

ҚР туристік және инвестициялық әлеуетін насихаттау шеңберінде көрме өткізілген кезеңде павильонда «Қазақстанның туризм күндері» өткізілді. Оған мемлекеттің алты аймағы, сонымен қатар «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ қатысты. 

Қазақстан қатысты ең маңызды іс-шара - EXPO 2020 Dubai-дағы Ұлттық күн болып табылды, ол 2021 жылы 1 желтоқсанда өтті. Әл-Васл Плаза орталық алаңында Қазақстанның мемлекеттік туы көтерілу салтанаты, БАӘ энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейль Әл-Мазруи мен БАӘ мемлекеттік министрі Ахмед Әли Әл-Сайехтің қатысуымен ауқымды қазақстандық сауда-инвестициялық форумы ұйымдастырылды. 

Мәдени бағдарлама шеңберінде 2021 жылы 16 желтоқсанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен 2022 жылы 22 наурызда Наурыз мейрамы тойланды. Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының халық әртісі, әйгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Майра Мұхамедқызы мен опера әншісі Мария Мудряк қатысты. 

 Белгілі қазақстандық орындаушы Диман Құдайберген Дубайдың ірі концерт алаңдарының бірі  Coca Cola Arena-да ауқымды концерт қойды. EXPO 2020 Dubai-дағы Қазақстан павильонының алғашқы қонақтары БАӘ премьер-министрі Мохаммед бин Рашид Әл Мактум мен Дубай ханзадасы  Хамдан бин Мохаммед Әл Мактум болды. 

Сондай-ақ павильон шоу-бизнес пен кәсіби спорт жұлдыздарының арасында танымалдылыққа ие болды. Көрме өткізілген уақытта павильон қонақтарының қатарынан Тимур Бекмамбетов, Бей Лин, Александр Винокуров, Валерия мен Иосиф Пригожин, Рой Джонс, Риз Ахмад, Егор Крид, Jah Khalib, Саймон Уэбб, Морис Эшли табылды. 

Қазақстан павильоны көрмедегі адам ең көп барған ондыққа енді. Небәрі алты айдың ішінде Қазақстанның Ұлттық павильонына 1,6 млн-нан астам адам мен 1 100 шетелдік ресми делегация барған. 31 наурыз күні EXPO 2020 Dubai-дың төріндегі Әл-Васл Плаза алаңында дүниежүзілік көрменің жабылу салтанаты өтеді. Дәл осы жерде 182 күн бұрын көрме ашылған болатын.  

Әлемдік музыка майталмандары  Christina Aguilera, Norah Jones, Dj Tiesto және Yo-Yo Ma Jubilee Stage және Dubai Millenium Amphitheatre алаңдарында әннен шашу шашады. Көрменің жабылуын тойлау ауқымды отшашу шоуымен аяқталады деп күтілуде.

Еске сала кетейік, дүниежүзілік EXPO 2020 көрмесі 2021 жылғы 1 қазан мен 2022 жылғы 31 наурыз аралығында «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» тақырыбында Дубай шаһарында өтіп жатыр. 

Бұл Таяу Шығыс аймағында өткізіліп отырған ЕХРО-ның алғашқы көрмесі. Ұйымдастыру комитеті таратқан мәліметтерге сүйенсек, ЕХРО 2020 Dubai көрмесін 23 млн-нан астам адам тамашалаған. 

Өзгелердің жаңалығы