Үздік сарапшылар жаһандық мәселелердің шешімін табу үшін Астанада бас қосады

2 Маусым 2023, 12:59
976
Бөлісу:
Үздік сарапшылар жаһандық мәселелердің шешімін табу үшін Астанада бас қосады
Фото: BAQ.KZ Архив

ТМД-ға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың тізімінде Қазақстан көш бастап тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана кезекті рет ашық диалог алаңына айналмақ. 2023 жылдың 8-9 маусым күндері Елордада Астана Халықаралық форумы өтеді.

Форумның тақырыбы: «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында». 

Мақсаты - жаңа диплотматиялық, экономикалық және саяси жолдарды айқындай отырып, алдымызда тұрған ортақ сын-қатерлерді бірлесе жеңу үшін жаңа қатынас көпірлерін орнатып, халықаралық байланыстарды нығайту. Келелі кеңеске әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған үздік сарапшылар қазіргі кездегі жаһандық мәселелердің шешімін табу мақсатында бас қосады. 

Іс-шара Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтеді. Форумға 1000-нан астам шетелдік қонақ келеді. Мұнда әлем елдері үшін аса маңызды тақырыптар талқыланады. Атап айтсақ азық-түлік қауіпсіздігі, су тапшылығы, энергетика мен экология саласындағы қордаланған проблемаларды бірлесе шешу жолдары, инвестиция тарту мәселелері қозғалады.

Инвестиция еліміз үшін аса маңызды тақырып. Соңғы жылдары Қазақстан жоғары инвестициялық әлеуетті көрсетіп отыр. Оның өзіндік бірнеше себебі бар. Стратегиялық орналасуы, бизнеске қолайлы орта, тиімді салық режимі, мемлекеттік қолдау шаралары, инвесторлардың құқын қорғау, саяси тұрақтылық. Міне, бұл факторлар Қазақстанның инвестициялық климаты тұрақты екенін көрсетеді.

Еуразиялық даму банкінің талдауына сәйкес, ТМД-ға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың тізімінде Қазақстан көш бастап тұр. 2022 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша тікелей шет елдік инвестициялар импортындағы Қазақстанның үлесі 24%. (Өзбекстан 20,1%, Беларусь 12,6%)

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған жалпы тікелей шет елдік инвестиция ағыны 28 млрд доллар, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (23,8 млрд доллар) 17,7%-ға артық. Осылайша бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш ретінде тікрелді. Ал, Үкіметтің ендігі мақсаты 2026 жылы негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ЖІӨ-нің 25,1%-ына дейін жеткізу және тікелей шетелдік инвестициялар көлемін $25,5 млрд-қа дейін ұлғайту. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін инвестиция тарту саясаты қайта қаралатын болады.

Соңғы жылдарды Қазақстанға Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Белгия, Ресей, Оңтүстік Корея және Қытай мемлекетттері ең көп инвестиция құйған. Салалар бойынша айтсақ, тау-кен өнеркәсібіне – 12,1 млрд доллар, өңдеу өнеркәсібіне – 5,6 млрд доллар, көтерме және бөлшек саудаға – 5,08 млрд доллар, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметке – 1,1 млрд доллар, көлік және қойма шаруашылығына – 1,1 млрд доллар, құрылыс – 698 млн доллар қаражат бөлінген. Ел өңірлері арасында тікелей шет елдік инвестицияның үлесі әсіресе, Атырау, Алматы, Астана, Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан облысында көп, - делінген хабарламада.

Бүгінде елімізде ел Үкіметі мен жауапты министрлік және жергілікті атқарушы органдар тарапынан инвестиция көлемін ұлғайтуда аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мәселен, инвесторлардың іскерлік белсенділігін арттыру мақсатында 76 елде визасыз режим орнатылған. Одан бөлек, инвесторларды толғандырған бар мәсселелерін шешу үшін ел аумағында Инвестициялық омбудсмен мен Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы да бірқатар кешенді жұмыс істелетін болады. Ол туралы толық әрі нақты 8-9 маусым күні Астана Халықаралық форумы алыңында жауапты спикерлер баяндайтын болады.

Жалпы, форум әлемнің түкпір-түкпірінен келетін беделді эксперттер мен көшбасшылардың Астанада бас қоса отырып маңызды мселелерді шешуіне ат салысады. Қазақстан өзін әлемдік аренада барлық елмен достық-сыйластық қарым-қатынас орнататын бейбіт мемлекет ретінде ұстайды. Сонымен қатар геосаяси ерекшеліктері мен көпвекторлы дипломатиялық ұстанымына байланысты мемлекетіміз әрдайым халықарлық шиеленістерді шешу және мәмілеге келу алаңы рөлін атқарып отыр. Сондықтан бұл кезекті форум Қазақстанның халықаралық дипломатиядағы өз ұстанымын тағы бір мәрте нығайта түспек.

Өзгелердің жаңалығы