Үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі байқауы қорытындыланды

Бүгiн, 18:42
138
Бөлісу:
Үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі байқауы қорытындыланды
Фото: "AMANAT" партиясы

Алғыс айту күні және Партия күні қарсаңында "AMANAT" партиясында үздік бастауыш партия ұйымы мен үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі байқауы қорытындыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжіліс Спикері, "AMANAT" партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов бастауыш партия ұйымдары партияның негізгі тірегі екенін атап өтті.

Біздің партия Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын белсенді жүзеге асырып, нақты істер арқылы Президенттің нағыз қоғамдық тірегі екенін күн сайын дәлелдеп келеді. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалар партиялық жүйенің дамуына серпін беріп, саяси бәсекелестікті күшейте түсті. Бұған бастауыш партия ұйымдары орасан үлес қосып отыр. Біздің белсенділеріміз еліміздің барлық аумағында ортақ мақсат пен игі іс жолында күндіз-түні жұмыс істеп келеді. Олар – партияның негізгі қозғаушы күші әрі алдағы жеңістерінің кепілі, – деді ол.

Ерлан Қошанов партия әрқашан халықтың жанынан табылуы керек екенін атап өтті. Ол қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын күшейтуге шақырып, ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарында көшпелі форматта азаматтарды қабылдауды ұсынды. Мұндай тәсіл тұрғындарды толғандырған мәселелерді жедел, тікелей сол жерде шешуге және халықпен барынша тиімді өзара қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.

Бұдан соң, байқау қорытындысы жарияланды. Қазылар алқасының шешімімен Алматы облысындағы "Фирма "Бент" БПҰ, Астанадағы "Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы" КЕАҚ БПҰ және Шымкенттегі "Білім және ғылым" БПҰ үздік бастауыш партия ұйымы ретінде танылды. Ал қоғамдық қабылдау бөлмелері арасында партияның Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі мен партияның Алматы қаласы Алатау аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі жеңіске жетті. Сондай-ақ, халыққа заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған "Құқықтық көмек" жобасын жүзеге асыруда ерекше жетістікке жеткен партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы мен партияның Атырау облысы Құрманғазы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелері үздік деп танылды.

Сонымен қатар, "AMANAT" партиясының төрағасы түрлі салада еңбек етіп жүрген еліміздің 16 белсенді азаматына партия билетін табыстады. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Әділбек Алпысбай, Қазақстан таеквондо федерациясының вице-президенті Қайрат Дүйсенов, "Астана Опера" театрының солисі Назым Сағынтай, "Алтын домбыра" айтысының жеңімпазы, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан, инженер-энергетик Азамат Табаров, металлург Иван Бельков және басқа да азаматтар бар.

Өзгелердің жаңалығы