Үздік күйшіге 1 млн теңге беріледі

28 Қараша 2022, 12:20
1185
Бөлісу:
Үздік күйшіге 1 млн теңге беріледі

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Мәдениет комитеті төрағаның орынбасары Данияр Әлиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, ведомство Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ұйымдастыруымен республикалық «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалін өткізеді. 

Шертпе күй музыка фестивалінің мақсаты – Шертпе күй өнерін кеңінен насихаттай отырып, жастар арасында домбыра аспабында ойнауды дәріптеп, ұмыт болып бара жатқан белгісіз күйлерді дамытып жарыққа шығару. Қазақ күйлері орындаушылық дәстүріне сай төкпе және шертпе күй болып екіге бөлінеді. Шертпе күйлер  терең философиялық мәнге, ой-сырға толы өзіндік бағыты қалыптасқан. Шертпе күйлер кең байтақ Қазақ даласының шығысы Алтай, Тарбағатай, орталығы – Ұлытау, Шыңғыстау өңірінен бастап Жетісу, Қаратау, Сыр бойына дейін қоныстанған ел арасына кеңінен таралған, - деп атап өтті комитет төрағасының орынбасары. 

Белгілі болғандай, үздік күйшіге берілетін жүлде қоры да қомақты.

Республикалық «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі үш күнге созылады. Фестиваль аясында домбыра номинациясы бойынша конкурс өтеді. Конкурсқа 16-35 жас аралығындағы домбырашылар қатысады. Шертпе күй дәстүріндегі үздік орындаушыны анықтайтын конкурстың жүлде қоры 1 млн теңгені құрайды. Ал бірінші орын жеңімпазына 750 мың теңге, екінші орынға 500 мың теңге, ал үшінші орын жеңімпазына 300 мың теңге беріледі. Сонымен қатар арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталады, - деді Данияр Әлиев.

Өзгелердің жаңалығы