Щучинск қаласында «Үздік дене шынықтыру педагогі – 2024» республикалық байқауы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқауға еліміздің әр өңірінен келген 19 дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері қатысуда. Барлығы аудандық, облыстық деңгейде іріктеуден өткен.
Педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 3 жыл. Байқаудың мақсаты – дене шынықтыру педагогтерінің шығармашылық бастамасын қолдау, кәсіби өсуге жәрдемдесу, осы мамандық бойынша педагогтердің еңбегінің беделін арттыру.
Байқау үш кезең бойынша өткізіледі: I тур – «Креативті педагог»; II тур – «Қазіргі заманғы дене шынықтыру сабағы»; III тур – «Үздік спорттық-бұқаралық іс-шара».
Айта кетейік, байқаудың жүлде қоры 1,5 млн теңге. Сондай-ақ, арнайы номинациялардың иегерлеріне 100 мың теңгеге ақшалай сертификаттар табысталады.