Үздік 20 стартап: АХҚО мен Visa қаржы технологиялары бойынша үздік жобаларды іріктеді

25 Мамыр 2019, 10:57
3457
Бөлісу:
Үздік 20 стартап: АХҚО мен Visa қаржы технологиялары бойынша үздік жобаларды іріктеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Финтех хабында кешелі бері Орта Азияның қаржы технологиялары бойынша үздік стартаперлері мен менторлары бас қосты. 
 

Жас мамандардың елорда төрінде жиналуының басты себебі – АХҚО мен әлемге танымал Visa компаниясының ұйымдастыруымен өткен Visa Everywhere Initiative (VEI) бағдарламасы болды. Осы жылдың наурыз айында бастау алған бағдарлама Fintech саласы бойынша үздік жобаларды анықтап, оларға мүдделі инвесторларды тартуды көздейді. Екі күндік додада кімдер үздік атанды? Елордада өтетін ақтық сынға командалар қалай дайындалмақ? Fintech стартаперлердің айтулы бәйгесіне Baq.kz тілшісі қатысып қайтты. 
 

Орталық Азияда алғаш рет өткізіліп отырған дода АХҚО-да 23-24 мамыр аралығында өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Сингапур, Грузия, Қырғызстан және Тәжікстаннан 40-қа жуық команда қатысты. Айта кетерлігі, аталмыш топтардың барлығы доданың жартылай финалына өткен командалар еді. Қатысушылар бар-жоғы 3 минуттың ішінде өз жобасын таныстырып, мүдделі инвесторлардың назарын аударуы шарт болды.

Қатысушылар екі күн бойы төлем терминалдары, валютаны тиімді айырбастау, ақша сақтау қызметі және тағы да басқа қызық тақырыптар бойынша өз жобаларын таныстырды.

Осылайша олардың арасынан 20 топ үздік деп танылып, АХҚО-да шілде айында Astana Finance Days форумы аясында өтетін ақтық сынға жолдама алды. Олардың қатарында Dotbot, Aim, Qiwi platform, Qoss, Verigram, Nebank.kz, FinTeQ, Biometric, FinLit, Rahmet app, NambaPay, BIAnalytics, Paloma365, Tripviator, Мойучет.kz, reKassa, Bankmarket.uz, AppX, Marta, LendingStar сынды топтар болды. Ал жобаларды таңдау жұмысына Visa, Alfa Bank, Halyk Bank, Beeline, Home Credit Bank, Wooppay, Tengri Bank, Sberbank, KPMG, Centras Insurance сынды бірқатар қаржы институтының өкілдері қатысты.

Ақтық сынға өткен жеңімпаздарды құттықтаған АХҚО Даму жөніндегі директоры Қайрат Қалиев Қазақстанда қаржы технологиялары қарқынды түрде дамып келе жатқандығын алға тартты.

«Осы жобада серіктес атанған Visa өкілдеріне шын жүректен алғыс айтқым келеді. Ең алдымен Қазақстанда аталмыш саланың дамып келе жатқандығына қуанышты екенімді жеткізгім келеді. Барлық топқа айтарым: бастысы жеңіс емес, қатысу. Ал АХҚО өз кезегінде Қазақстан мен осы өңірдегі стартаперлерге қолайлы жағдай жасауға бар күшін салатын болады», - деді Қайрат Қалиев.

Жеңімпаздарды марапаттаған соң Visa компаниясының ТМД және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріндегі инновациялық шешімдер тобы жетекшісі Евгений Лисняк та сөз алды.

«Біздің мақсатымыз - сіздерді Visa арқылы дамыту. Қазірдің өзінде кей қатысушы жобалардың кейбірін банктерге таныстырып жатыр деген хабарды естідік. Енді біз сіздерді ақтық сында күтетін боламыз», - деді Евгений Лисняк.

Айта кетерлігі VEI – қаржы технологиялары стартаптарын қолдау мақсатын көздейтін, Орталық Азиядағы алғаш жаһандық бағдарлама болып табылады. Жоба жеңімпаздары банктермен серіктесе отырып жобаларын пилоттық режимде іске қосуға, өңірдегі үздік қаржы компанияларына жұмысқа тұруға, жобаларына инвестиция тартуға мүмкіндік алады.

Өзгелердің жаңалығы