Ұзақ мерзімді демалыстағылардың МӘМС-тегі мәртебесі сақталатын болады

15 Қаңтар 2024, 20:31
565
Бөлісу:
Ұзақ мерзімді демалыстағылардың МӘМС-тегі мәртебесі сақталатын болады
Фото: gov.kz

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ұзақ демалыс кезінде қызметкерлердің сақтандырылған мәртебесін сақтауға кепілдік беру үшін өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«МӘМС туралы» Заңға сай жұмыс беруші ай сайын әлеуметтік медициналық сақтандыруға қызметкері үшін аударымдар мен жарна төлеуі тиіс. Бір айда аударым болмаған жағдайда қызметкер МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесінен айрылады.

Егер қызметкердің ақылы еңбек демалысы бір айдан астам уақытқа созылса, оның табысын есептеу кезінде медициналық сақтандыру төлемі демалыс айларының әрқайсына бөлінуі керек – міндетті ай сайынғы аударымдарда төленбеген айлар болмауы және сәйкесінше қызметкер сақтандырылған мәртебесін сақтап қалуы керек.

Осыған қарамастан, кейбір өңірлер мен жекелеген салаларда бұл төлемді айларға бөлмейді және қызметкер медициналық қызмет алуға жүгінген кезде сақтандырылған мәртебесінің жоғалғанын көреді. Атап айтқанда, кейбір мұғалімдер, тау-кен кәсіпорындарының қызметкерлері және вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер осындай жағдайға тап болады. Жүйелі сипатқа ие мәселе БЖЗҚ және ӘСМҚ төлемдерінің мөлшеріне де әсер етеді, - деді МӘМС-тің баспасөз қызметі.

Осы мәселені шешу үшін 2023 жылдың желтоқсанында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ҚР Денсаулық сақтау министрінің МӘМС-ке аударымдарды және/немесе жарналарды аудару ережелері мен мерзімдері туралы 30.06.2017 жылғы бұйрығына толықтыру енгізуді ұсынды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құжаттың мәтінінде «ақылы еңбек демалысы кезеңіндегі табысты есептеу кезінде аударымдар мен жарналар демалыс күндерінің санына барабар есептелген кезеңдер бойынша бөлек аударылатынын» нақтылауды ұсынды. Қазір Қордың ұсынысы уәкілетті орталық мемлекеттік органдардың қарауында.

Бұл ұзақ мерзімді ақылы еңбек демалысы кезінде қызметкерлердің сақтандырылған мәртебесін жоғалтпауға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы