Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында сотталушы Сәуле Жұбаниязовадан жауап алу жалғасты. Ол Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы болған алғашқы айлардағы жұмысы туралы айтып, үйдің техникалық қорытындысымен таныстырылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жұбаниязованың сөзінше, МИБ құрылғаннан кейін ол ең алдымен үйдің күнделікті жұмысын ұйымдастыруға кіріскен. Қызмет көрсететін ұйымдармен келісімшарт жасасып, кіреберістер мен ауланы тазалау, жылу торабын күтіп ұстау және есептегіш құралдардың көрсеткіштерін беру мәселелерімен айналысқан.
Ол үйді жылыту маусымына дайындау және жылу жүйесін қысыммен тексеру жұмыстары туралы да айтты.
МИБ құрылғаннан кейін кіреберісті, үй мен ауланы тазалау, жылу торабын күтіп ұстау, есептегіштердің көрсеткіштерін беру секілді барлық ұйымдастыру мәселесімен айналыстым. Кейін үйдің жылу жүйесін қысыммен тексеру басталды, – деді сотталушы.
Жұбаниязованың айтуынша, МИБ құрылған кезде оның шотында қаражат болмаған.
Жұмыс біртіндеп жолға қойылғаннан кейін бірлестіктің шотына ай сайын шамамен 500 мың теңге түсе бастаған. Сотталушының сөзінше, бұл ақшаның едәуір бөлігі тазалықшының, аула сыпырушының және сантехниктің жалақысына жұмсалған. Сондай-ақ салық, кеміргіштерді жою, банк қызметтері және басқа да күнделікті шығындар төленген.
Жұбаниязова үйді бұған дейін басқарған Гүлжаухар Ахметованың істі тапсыру кезінде өзіне не айтқанына да тоқталды.
Ахметова құжаттарды тапсырған кезде үйдің жағдайы өте жақсы екенін, барлық жұмысты атқарғанын айтты. Ол маған сөзбе-сөз: «Сен тек гүл егесің» деді, – деп мәлімдеді Жұбаниязова.
Сотталушы сот процесінде бірнеше рет айтылған техникалық қорытындыға қатысты да пікір білдірді.
Жұбаниязованың сөзінше, істі қабылдап алған кезде оған берілген құжаттардың арасында бұл қорытынды болмаған.
Қазір маған бұл құжатты көргенімді және әлдененің алдын алуым мүмкін болғанын айтып жатыр. Бірақ бұл сараптама маған берілген жоқ. Мен оны көрмедім. Онымен екі апта бұрын ғана Тұрғын үй басқармасында таныстым, – деді ол.
Сотталушының айтуынша, қылмыстық істі қарау барысында техникалық қорытындының мазмұны жарияланғаннан кейін ол бұл ақпаратты үй тұрғындарына жеткізген.
Жұбаниязова қызметіне кіріскен уақыттан бастап қайғылы оқиға болғанға дейін тұрғындардың кейін опырылған қасбет бөлігінің жағдайына қатысты шағым айтпағанын да мәлімдеді.
Мен қызметке кіріскен кезде тұрғындар еш нәрсеге шағымданған жоқ. Үйде ешқандай жарық та, опырылған жер де болған емес. Қасбеттің сол бөлігі адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін тіпті болжай алмадым, – деді сотталушы.
Сотта Сәуле Жұбаниязовадан жауап алу жалғасып жатыр.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды. Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сот сарапшыны қайта шақырту туралы өтінішті қанағаттандырмады.
Тағы оқи отырыңыз: Ұлдана Мырзуан ісі: Маман үйдің кірпіші неге құлағанын түсіндірді