Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Көбінесе үйін жалға беріп отырған баспана иелері табысын мемлекеттен жасырғысы келгендіктен емес, оны дұрыс ұйымдастыруды білмегендіктен салық төлемейді.
Заңсыз жалға берілетін тұрғын үй дегеніміз не
Меншік иесі алған табысына салық төлеуден жалтаратын, ал жалға алушылар уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген тұрғын үйді жалға беру заңсыз деп танылады. Олардың арасында ауызша немесе жазбаша келісім бар, бірақ бақылаушы органдардың ешқайсысы бұл туралы білмейді, яғни мұндай мәміле заң шеңберінен тыс жасалған.
Қандай жағдайда жеке кәсіпкерлікті тіркеу міндетті
Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабына сәйкес жеке кәсіпкер ретінде міндетті мемлекеттік тіркеуге келесі шарттардың біріне жауап беретін жеке тұлғалар жатады:
тұрақты негізде қызметкерлердің еңбегін пайдалансаңыз;
жылдық табысыңыз ең төменгі жалақының 12-ге еселенген мөлшерінен, яғни 12 х 42500 = 510 000 теңгеден (2019 жылдың ең төменгі жалақысы ЕТЖ – 42 500 теңген құрайды) ассатын болса, сізге жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет.
Олай болмаса, сіздің қызметіңіз заңсыз болып есептеледі және де ол үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін.
Жылжымайтын мүлікті жалға беру кезінде жеке тұлға қандай салық төлейді
Егер сіз меншік құқығын тіркеген күннен бастап 1 жылдан аз мүлік және/немесе көлік құралын сатсаңыз, мүліктік табыс туындайды, ол пәтерді өткізу құны және оны сатып алу құны арасындағы оң айырмашылық ретінде анықталады. Осындай табысқа сізге жеке табыс салығы бойынша декларацияны осындай табыс алынған жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсыну және осындай табыс алынған жылдан кейінгі жылдың 10 сәуірінен кешіктірмей 10 % мөлшеріндегі жеке табыс салығын төлеу қажет.
Жылжымайтын мүлікті жалға беру кезінде ЖК қандай салық төлейді
Егер жеке тұлға заңды тұлғаға немесе жеке кәсіпкерге мүлікті жалға берсе, онда мүлікті жалға беруден алынған табыс салық агентінен жеке тұлғаның табысына жатады және төлем көзінен жеке табыс салығын салуға жатады. Бұнда төлем көзінен салықты есептеу, ұстау және аудару бойынша міндет жеке тұлғаға немесе жеке кәсіпкерге жүктеледі. Салық мөлшері сондай-ақ табыс сомасынан 10%.
Егер жалға беруші оңайлатылған режим бойынша жұмыс істейтін заңды тұлға болса, онда Салық кодексіне (687-бап) сәйкес кірістен алынатын төлемдер 3% мөлшерінде есептелетін болады. Жалпы белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін заңды тұлға үшін жалға беруден түскен табыс салығы 20% болады.
Қызметтің осы түрі үшін патент негізіндегі арнаулы салық режимі неғұрлым қолайлы режим, өйткені салық ставкасы 1%. Патент негізінде АСР (арнайы салық режимі) қолдану үшін мынадай шарттарға сәйкес болу қажет – жалдамалы еңбекті пайдаланбау және күнтізбелік жыл ішіндегі шекті табыс 358 еселенген АЕК-тен (2021 жылы 10 291 176 теңге) аспауы тиіс.
Алайда, бұл жағдайда жеке кәсіпкер өзіне ең аз мөлшерде (әзірге бұл 42 500, ал жақында 60 000 болады) жалақы тағайындауы тиіс және осы жалақыдан зейнетақы жарналарын (10%), әлеуметтік төлемдерді (3,5%) және медициналық сақтандыруды (1,4 ЕТЖ-дан 5%) төлеуі тиіс. Биыл бұл айына 9 мың теңгеге жуық.
Үшінші нұсқа - өзін-өзі жұмыспен қамту
2019 жылдан бастап Қазақстанда Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді, ол салық органдарында формальды емес жұмыспен қамтылғандар қызметін тіркеудің оңайлатылған тәртібін көздейді.
Салық кодексінің 24-бөлімінің 774-бабына сәйкес, дара кәсіпкер ретінде тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар БЖТ төлеушілері болып танылады, олар бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келу қажет: бірыңғай жиынтық төлемді төлеген; жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайды; акцизделетін өнімдерді қоспағанда, салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана қызмет көрсетеді және (немесе) салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана акцизделетін өнімді қоспағанда, өз өндірісінің жеке қосалқы шаруашылығының ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізеді.
Бұл ретте, БЖТ төлеушілері табысының мөлшері жылына 1175 АЕК-тен аспауы тиіс. (2021 жылы 3 427 475 теңге)
Жеке кәсіпкер ретінде қалай тіркелуге болады
Жеке тұлғалар салық органын кәсіпкерлік қызметтің басталғаны туралы хабардар етуге жеткілікті. Хабарлама жіберілген сәттен бастап бизнеспен айналысуға мүмкіндік береді және өзі ЖК ретінде тіркеудің болуын растау болып табылады, бұл қызмет еlicense.kz «электрондық лицензиялау» порталында тегін көрсетіледі.
Тұрғын үйді заңсыз жалға бергені үшін қандай жаза қолданылады
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес салық есептілігін мерзімінде бермегені үшін, сондай-ақ тіркеусіз кәсіпкерлік ызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Егер сіз салық есептілігін белгіленген мерзімде бірінші рет ұсынбасаңыз, онда сізге «ескерт» жазалау шарасы қолданылады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде салық органына салық есептілігін ұсынбағаны үшін қайталап жасалған құқық бұзушылық кезінде әкімшілік айыппұл 43 755 теңге (15 АЕК).
Ал кәсіпкерлік қызметпен тіркеусіз айналысқан жағдайда мұндай адамдардың әкімшілік жауапкершілігі жөніндегі шешімдерді сот органдары қабылдайды.
Салынған әкімшілік айыппұл қаулы заңды күшіне енгеннен кейін 30 күнтізбелік күннен кешіктірілмей төлеуге жатады.
Бұл ретте, егер сізде айыппұлды заңда белгіленген мерзімде төлеуге мүмкіндік болмаса, онда Сіз мемлекеттік кіріс органдарына айыппұл төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу туралы өтініш бере аласыз.