Үкімет басшысы Олжас Бектенов Үкімет отырысында қазақстандықтардың мобильді байланыстың тұрақсыздығына қатысты шағымдарына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, байланыс пен интернет желілерінің дамуы және тұрақтылығы қазіргі экономиканың негізгі инфрақұрылымына айналған. Кәсіпорындардың, мемлекеттік қызметтердің, денсаулық сақтау, білім беру және қаржы жүйелерінің жұмысы да осы желілердің қолжетімділігі мен сапасына тәуелді.
Азаматтар мен бизнес үшін салынған базалық станциялар туралы есеп емес, жұмыста, жолда және үйде интернеттің үздіксіз жұмыс істеуі маңызды. Сондықтан саланың даму нәтижесін бағалауда байланыстың сапасы мен қолжетімділігі басты өлшем болуы керек, – деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Олжас Бектенов ірі елді мекендер мен автомобиль жолдарында мобильді байланыстың тұрақсыздығына қатысты шағымдар әлі де бар екенін атап өтті.
Бұл – тек қолайлылық мәселесі емес, қауіпсіздікке де қатысты. Байланыс нашар учаскелер азаматтардың шағымынан кейін ғана емес, жүйелі түрде анықталуы керек. Ел бойынша тұрақты байланыстың сапасын көрсететін бірыңғай көрініс қажет. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әкімдіктермен және операторлармен бірлесіп, бір ай ішінде „ақ дақтар“ картасын жаңартып, оларды жоюдың нақты мерзімдерін бекітсін, – деп тапсырды Олжас Бектенов.
Премьер-министр магистральдық желілердің тартылуы мен үйлер мен кәсіпорындарды нақты қосу мүмкіндігі арасында әлі де алшақтық бар екенін айтты. Бұл мәселе әсіресе ауылдық жерлерде өзекті. Кейбір елді мекендерге магистральдық желілер жеткізілгенімен, ішкі тарату желілері жүргізілмеген.
Осыған байланысты Үкімет басшысы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне байланыс операторларымен және әкімдіктермен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін 2027 жылы ауылдардағы абоненттерді интернетке қосу бойынша нысандық кестені бекітуді тапсырды. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің нақты сапасына мониторинг жүргізу қажет.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет басшысы кибершабуыл, апат пен ақаулар сияқты осал тұстарды алдын ала анықтауды тапсырды.