Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында интернет-алаяқтықпен күресті күшейту және байланыс инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі жағдайда байланыс жүйесі аса маңызды инфрақұрылым саналады. Сондықтан кибершабуылдар, апаттар мен жекелеген тораптардың істен шығуы миллиондаған пайдаланушыға және маңызды сервистердің жұмысына әсер етуі мүмкін.
Кибершабуылдар, апаттар немесе жекелеген тораптардың істен шығуы бір мезетте миллиондаған пайдаланушыға және өмірлік маңызы бар сервистердің жұмысына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда тек орын алған оқиғаларға әрекет етумен шектелуге болмайды. Осал тұстарды алдын ала анықтап, негізгі байланыс арналарына резерв жасап, операторлардың штаттан тыс жағдайларға дайындығын үнемі тексеру қажет, – деп тапсырды Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне уәкілетті органдармен және байланыс операторларымен бірлесіп, үш ай ішінде маңызды байланыс желілерінің тұрақтылығына баға беру тапсырылды.
Ведомство анықталған тәуекелдерді жою жөніндегі нақты жоспар ұсынуы керек.