Ұлттық статистика бюросында Дүниежүзілік банк қолдауымен ұйымдастырылған техникалық семинар өтті, онда барлық үш ұялы байланыс операторы, байланыс реттеушісі және Бюро туризм және көші-қон статистикасын алу үшін мобильді деректерді пайдалану мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Семинардың мақсаты туризм және көші-қон саласындағы статистиканы дамыту, сондай-ақ жалпы мемлекеттік статистиканы жақсарту құралы ретінде мобильді позициялау деректерінің әлеуетін зерттеу болды. Семинар Дүниежүзілік Банктің Global Data Facility (GDF) жобасының бір бөлігі, оған сәйкес Қазақстан туризм ағынын талдау үшін мобильді деректерді қолдануды зерттейтін елдердің бірінші тобына қосылған.
Жоба туристер қозғалысы мен олардың қалауын бағалаудың дәлірек құралдарын жасауға бағытталған. Эстонияның Positium (ресми статистика үшін мобильді позициялау деректеріне маманданған компания) компаниясының сарапшысы Маргус Тиру Бюроның мобильді деректер негізінде туризм мен көші-қон көрсеткіштерін қалыптастырудағы мүмкіндіктерін бағалап өтті.
Бұл салаларда статистиканы қалыптастыру үшін мобильді деректерді пайдаланудың тиімді тәсілдері талқыланды, сонымен қатар керекті дерек үлгілері қарастырылып, ынтымақтастықты жақсартуға бағытталған шешімдер ұсынылды. Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Жасер Жарқынбаев бүгінгі таңда Бюро халықаралық ұсынымдар шеңберінде баламалы дерек көздерін пайдалануға белсенді көіп жатқанын атап өтті.
Бұл респонденттерге жүктемені айтарлықтай азайтуға және статистикалық деректердің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Біздің мақсатымыз туризмді, көші-қонды және экономиканың басқа да негізгі салаларын дамыту үшін негіз болатын дәл және уақтылы статистика құру. Біздің халықаралық сарапшылармен құрған ынтымақтастығымыз дерек жинаудағы инновациялық әдістер қолданысы арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз, – деп атап өтті Ж.Жарқынбаев.
Ол мобильді позициялау деректері адамдардың қозғалысы туралы деректердің жоғары жиілігі мен дәлдігін қамтамасыз ете отырып, нақты уақыт режимінде ақпарат жинауға мүмкіндік беретінін қосып өтті.
Салыстырмалы талдау барысында ұялы байланыс операторларының деректері ресми статистикаға сәйкес келетіндігі анықталды, бұл олардың дұрыстығын растайды. Статистикалық мақсаттар үшін мобильді деректерді пайдаланудың халықаралық тәжірибесіне ерекше назар аударылды. АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея, Қытай және бірқатар елде бұл әдіс сәтті жүзеге асырылуда.
Мобильді деректер туризмді, демографияны, жұмыспен қамтуды және басқа салаларды талдау үшін қолданылып келеді. Қазақстан болашақта осы деректерді пайдалануды кеңейтуге және туризмдегі мобильді деректерді есепке алу үшін статистикалық әдіснаманы әзірлеуге ниетті.