Үй салумен шектелмейді: «Халықтық құрылыс» бағдарламасынан не күтеміз?

25 Қараша 2026, 14:45
АВТОР
 ©️ BAQ.KZ/Арман Мухатов 25 Қараша 2026, 14:45
25 Қараша 2026, 14:45
142
Фото: ©️ BAQ.KZ/Арман Мухатов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламаны «Халықтық құрылыс» деп атауды ұсынған еді. Бастама аясында тұрғын үй салумен қатар, көлік, сумен қамту және денсаулық сақтау салаларындағы инфрақұрылымды дамыту көзделіп отыр. Бұл бағдарлама қандай мәселелерді шешуі мүмкін, тұрғындардың ұсыныстары қаншалықты ескерілуі керек және оның жүзеге асуы баспана бағасына қалай әсер етеді? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін BAQ.KZ тілшісі Qazaq Expert Club құрылыс саласындағы сарапшысы Диляра Сейітнұровамен сұхбаттасты.

Диляра Сейітнұрова «Халықтық құрылыс» - тек тұрғын үй бағдарламасы емес екенін айтады. 

Президент Жолдауында бұл жаңа ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламаны «Халықтық құрылыс» деп атауды ұсынды. Бір нәрсені ескеру керек. Бұл жоба таза тұрғын үй бағдарламасы емес. Ауқымды жобалардың басым бөлігі көлік, сумен қамту және денсаулық сақтау салаларында іске асады. Менің ойымша, оның басты мақсаты адам тұратын ортаны жасау. Тұрғын үй саласы үшін бұл өте маңызды. Бізде көп жылдан бері бір проблема бар: үй салынады, ал жол, су, мектеп кейін қалады. Жаңа шағын аудандар инженерлік желісіз тұрады. Бағдарлама осы алшақтықты жоюға бағытталуы тиіс. Желі дайын жерде құрылыс тезірек жүреді, ал баспананың өзіндік құны төмендейді, - дейді сарапшы. 

Сарапшының айтуынша, тұрғындар екі кезеңде қатысуы керек.

Біріншісі жоспарлау кезеңі. Нысандар тізімін әкімдік кабинетте емес, адамдармен бірге жасаған жөн. Қоғамдық тыңдау, ашық сауалнама, жобалардың онлайн-картасы осыған қызмет етеді. Ауылға не керегін сол ауылдың тұрғыны жақсы біледі. Біреуге балабақша керек, екіншісіне су құбыры, - дейді маман. 

Екіншісі бақылау кезеңі. Тұрғындар құрылыстың барысын, мерзімін және сапасын көре алуы тиіс. Қоғамдық мониторинг топтары, ашық фото-есептер жұмыс істеуі керек. Халықтың пікірі формалды түрде емес, нақты шешімге әсер еткенде ғана бағдарлама «халықтық» бола алады.

Диляра Сейітнұрованың сөзінше, бағдарлама дұрыс жүзеге асса, әсер оң болады.

Дайын инфрақұрылым құрылыс шығынын азайтады. Ал жаңа жерлерде тұрғын үй ұсынысы артып, бағаға қысым төмендейді. Бірақ тәуекелдер де бар. Ауқымды мемлекеттік тапсырыс материалдар мен жұмыс күшіне сұранысты күрт өсіреді. Бұл бағаны көтеруі мүмкін, - дейді ол.

Сарапшы тәуекелдерді азайтудың бірнеше жолын айтты. 

  • Баға. Отандық материалдар өндірісін алдын ала жоспарлау. Депутаттар бағдарламада қазақстандық құрылыс материалдарын пайдалануды бақылауды күшейтуді ұсынды. Бұл дұрыс бағыт, бірақ жергілікті өндіріс қуатын да есептеу қажет.
  • Сапа. Мердігерді ең төмен баға бойынша емес, тәжірибесі мен беделі бойынша таңдау. Тәуелсіз техникалық қадағалауды күшейту.
  • Мерзім. Жобалау-сметалық құжаттамасы дайын нысандардан бастау. Мерзімді бұзған мердігерге нақты айыппұл қолдану.

Мемлекет ереже мен қаржыны береді. Ол нысандар тізімін халықпен бірге бекітуі, қаражатты уақытында бөлуі және ашық бақылауды қамтамасыз етуі керек. Құрылыс компаниялары сапа мен мерзімге жауап береді. Олар салған нысанға ұзақ мерзімді кепілдік беруі тиіс. Қоғам белсенді бақылаушы рөлін атқарады. Тұрғындар мен сарапшылар кемшілікті уақытында көрсетуі керек, - дейді сарапшы.

Диляра Сейітнұрова нәтиже үшін бірнеше тетік қажет деп санайды:

  • Әр жобаның құны, мердігері мен мерзімі көрсетілген бірыңғай цифрлық платформа.
  • Мемлекеттік сатып алу ережелерін жеңілдету. Шағын және орта бизнеске жұмыс үлесін беру.
  • Сапасыз жұмыс жасаған компанияларға нақты жауапкершілік.
  • Нысанды пайдалану мен күтуге қаражатты алдын ала жоспарлау.

Сарапшының сөзінше, бағдарламаның табысын салынған шаршы метрмен өлшемеу керек.

Адамдар сол жерде қалып, өмір сүргісі келсе, бағдарлама өз мақсатына жетті деп айтуға болады, - деп түйіндеді Диляра Сейітнұрова.

Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықтық құрылыс бойынша комиссияның құрамын бекіткен болатын. 

Ел тарихында бұрын-соңды болмаған – Президент «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық жобасының мән-маңызын атады 

«Халықтық құрылыс» және ЖИ: Мемлекет басшысы білім мен ғылым саласының басымдықтарын атады 

Наверх