Алматы облысының Қаскелең қаласында ер адам әйелін және енесін таяқпен ұрып-соғып, үйі мен көлігінің терезесін қиратқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жанжалдың видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Оқиға 25 қаңтарда Қаскелең қаласындағы жеке үйлердің бірінде болған. Кадрларда қолына таяқ ұстаған ер адамның бір әйелді соққыға жығып жатқан сәті мен оған көмекке екінші әйелдің жүгіріп келгені көрінеді.
Белгілі болғандай, жанжал салдарынан 61 жастағы әйел мен оның қызы зардап шеккен. Қақтығысқа қатысушылардың барлығы Қаскелең қаласының тұрғындары. Күдікті ер адам жәбірленушімен ресми некеде болғанымен, жұбайынан бөлек тұрады.
Полицияның хабарлауынша, 31 жастағы күдікті анықталып, ұсталды. Ол Қарасай аудандық полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ер адам мен оның жұбайы арасында жанжал туындап, соның салдарынан әйел мен оның анасына дене жарақаттары келтірілген. Сондай-ақ мүлік әдейі бүлдірілген. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс тіркеліп, оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Семейде полицейлердің екі көлігін өртеген зейнеткер ұсталғаны хабарланды.