Үй мәселесі. Министр тұрғындарға баспана көп берілген өңірлерді атады

12 Сәуір 2022, 09:51
3434
Бөлісу:
Үй мәселесі. Министр тұрғындарға баспана көп берілген өңірлерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев өнеркәсіп, көлік және құрылыс салаларындағы соңғы жағдай туралы баяндама жасады. 

Министрдің ақпараты бойынша 2022 жылдың І тоқсанының қорытындысында еліміздің өңдеу өнеркәсібінде жиынтық көрсеткіш 106,5%-ды құрады. 

Машина жасау саласында автокөлік құралдарын, трейлерлер мен жартылай тіркемелерді, машиналар мен жабдықтарды шығару, өзге көлік құралдарын, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар, сондай-ақ электр жабдықтарын шығару есебінен 11,3% деңгейінде тұрақты өсім көрсетті, - дейді Өскенбаев.

Сонымен қатар түсті металлургияда тазартылған мыс, құйма алтын, катодты мыс, тазартылған алтын шығару көлемі өсті. Қара металлургияда болат, шойын, арматуралық прокат, рельстер, фасонды прокат, ферросилиций және болат құбырлар өндірісі ұлғайды.

Құрылыс материалдары өндірісі 12,4% артты. Өсім жылу оқшаулағыш материалдар, бетоннан жасалған бұйымдар, тауар бетон, кірпіш және құрылыс ерітінділері өндірісінің артуы есебінен болды. Химия өнеркәсібі өндірісінің көлемі 7,8% өсті. Сары фосфор, фосфор-калий тыңайтқыштары, азықтық трикальцийфосфат, аммиак селитрасы, сұйық аммиак, азот қышқылы, ерітіндідегі күйдіргіш натрий және хлор өндірісінің көлемі ұлғайды. Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдарын, киім және былғары өнімдерін өндіру көлемінің ұлғаюы есебінен 10,6%-ға өсті, - деп баяндады ИИДМ басшысы Үкіметте.

Оның айтуынша, көлік саласында транзиттік контейнерлік тасымалдарда оң динамика сақталып, өсім 7% құрады. Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 849,2 млн тонна болды. 

Сондай-ақ 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында құрылыс бойынша нақты көлем индексі 108,6%-ды құрады.

Тұрғын үй құрылысында биыл І тоқсанда 2,9 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,4%-ға тең. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 23,3 мың үй пайдалануға берілді. Былтырмен салыстырғанда 15 өңірде өсім бар. Көш басында Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары тұр. Биыл 15,1 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, - деп толықтырды министр Қайырбек Өскенбаев.

Өзгелердің жаңалығы