Өткен апта әлеуметтік желіде көп талқыланған тақырыптың бірі мәһір болды. Себебі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ресми сайтында қыздың разылығымен қалыңмалды мәһірге жатқызуға болады деп жазған. БАҚ-та жарияланған жаңалықтың тақырыбын ғана оқыған көпшілік "ҚМДБ мәһірді алып тастады" деп түсінді. Мәселенің мән-жайын теолог Кеңшілік Тышқаннан сұрадық.
Мәһр деген не?
Мәһр – ер азаматтың өзіне тұрмысқа шығуға келіскені үшін әйеліне беретін сыйлығы, - деп анықтама берді маман.
Ол Құранда "Үйленетін әйелдеріңе мәһрлерін шын көңілден тарту етіңдер" деп айтылғандықтан, мәһр некенің шарты екенін түсіндірді. Сондықтан оны ешкім алып тастамағанын айтты.
ҚМДБ-ның айтып отырған мәселесі мынау ғой: Егер қыздар қалыңмалды өзіне мәһр ретінде есептейтін болса және ол қалыңмал қыздың артынан зат, төсек-орын, жабдық ретінде баратын болса, онда оның орнын алмастырады. Сондай мағынада айтылған әңгіме. Әйтпесе мәһр мәселесін ешкім алып тастаған жоқ, - деді ол.
Кеңшілік Тышқан Алла мәһрді некенің шарты етуінің мәнін де айтып берді.
Мәһрдің философиясы ажырасқан жағдайда, әрине, ажырасамын деп үйленбейді шариғатта немесе күйеуі қайтыс болған жағдайда келесі тұрмысқа шыққанға дейін белгілі бір уақыт күткен кезде (иддәт уақыты) әйел аш қалып қоймас үшін жететіндей болуы керек. Ол жерде 10 дирхам, Ханафи мазхабы бойынша оны 12 қой деп келтірген. Қазіргі заманмен салыстырғанда 4 айға жетінкірей қоймас. Десе де аш қалмайтындай деген мәселе, - дейді теолог.
Бірақ Кеңшілік Тышқан қазақ қоғамында ондай мәселе болмағанын айтады.
Жесір болып қалса, әмеңгерлікпен қайын жұртында қалады, не болмаса өзінің төркініне қайтады. Өйткені қалың малы төленгеннен кейін далада қалып қоймайды ғой. Қазіргі заманда да далада қалу, менің ойымша, қиындау. Кейбір жағдайларда болуы мүмкін. Бірақ қыздардың көбі жұмыс істейді, айлығы бар. Күйеуінің жұмысына қарап отырған жоқ, - деді ол.
Сондықтан теолог мәһр некенің, сыйластықтың бір шарты, күйеуінің әйеліне берген уәдесі, сыйлығының басы екенін айтты.
"Шариғатта ажырассам деген шарт болмайды"
Кеңшілік Тышқан Мүфтият қалыңмалды мәһірге жатқызуға болатынын айтқанымен, мәһр алам, берем дегендерге тосқауыл жоғын жеткізді.
Енді мәһрді қалыңдық "алам", күйеу жігіт "берем" деп жатса, "cен мәһр берме, құдалар қалыңмалын беріп қойды деп отырмайды ғой"? Ол жерде ешқандай проблема жоқ. Бірақ қызда да маған міндетті түрде мәһр берілуі керек деген түсінік болмау керек. Сұрауға хақысы бар. Бірақ тұрмысқа шығып бара жатқаннан кейін шарт емес қой. Күйеуінің мүлкі – оның мүлкі, күйеуінің үйі – оның үйі. Ортақ мүддеге негізделуі керек деп ойлаймын, - деді ол.
Теологтың ойынша, қазір жастардың көбі материалдық санамен пәтер, көлік сияқты қымбат-қымбат нәрселер сұрағаннан кейін де Мүфтият осы мәселені қозғап жатыр.
Некенің шарты алып қалу деген психология емес, сыйластықпен қалыптасу керек қой? Сондықтан үй, көлік сұрап жатқан қыздар материалдық түсінікті ғана ойлап отыр. Ал сол үй сұрап жатқан қыздардың көбісінің діннен хабары жоқ қой? Шариғаттың басқа талаптарын, қағидаттарын орындамай, мәһрге келген кезде "ойбай, беру керек екен ғой" деген сияқты. Өзінің мүддесіне шариғатты пайдаланып тұр. Сондықтан оларды да бір діндарлықтан сұрап жатыр деп айта алмайсың, - деді маман.
Сондай-ақ Кеңшілік Тышқан мәһрді берудің асығыстығы жоқ екенін де атады.
Біреуі некенің үстінде "берем" деп беруі мүмкін. Болмаса, "кейін берем" деуі мүмкін. Кейін берем десе, өмірінің реті келген кезінде, жағдайы жақсарған кезде "менің саған берген уәдем бар еді" деп табыстауына болады. Болмаса, мәһрдің шарттарын өзгертіп, "мен саған осыны берем деп едім, оның орнына мынаны берсем бола ма?" деп өзгертуіне де болады, - деді ол.
Теолог үйленбей жатып пәтер сұрайтындарға қатысты да пікір білдірді.
Қалыңдық үйленбей жатып пәтер сұрайтын болса, ондай қызбен үйлену қаншалықты дұрыс деген мәселені мен нақты айта алмаймын. Себебі негізгі шарт ретінде "ертең ажырассам" деген нәрсені қойып тұрмын. Бірақ шариғатта ажырассам деген шарт болмайды. Неке мәңгілікке деп қиылады, - деді Кеңшілік Тышқан.