Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Утильалымнан түскен 400 млрдқа жуық теңге қайда жұмсалды?

Олжас АДАЙ
6 Тамыз 2025, 12:00
2402
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Қазақстанда көлік шекарадан өткен кезде алынатын утильалымнан 2022 жылдан бері 394,9 млрд теңге жиналды. "Жасыл даму" АҚ BAQ.KZ тілшісіне бұл қаражаттың қандай мақсаттарға жұмсалғанын және оның игерілу жолдарын түсіндірді.

Утильалымнан 395 млрд теңге жиналды

2022 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі аралықта ӨКМ тауарларын импорттаушылардан 394,9 млрд теңге сомасында кәдеге жарату төлемі жиналды. Бұл қаражат Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 388-бабы және Үкіметтің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №604 қаулысы аясында пайдаланылып отыр.

Ақша қайда жұмсалды?

2022–2023 жылдары Қоғам "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ-ға шамамен 180 млрд теңге бағыттады.

Оның ішінде:

100 млрд теңге – халықтың отандық өндірістегі жеңіл автокөлікті жеңілдікпен сатып алуы үшін;

50 млрд теңге – ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке беру үшін;

30 млрд теңге – аудан және облыс орталықтарына арналған автобустарды жеңілдікті лизингке беру үшін.

2024 жылы Қоғам 117 млрд теңге көлемінде қаражатты өрт сөндіру техникасына және Төтенше жағдайлар мен Су ресурстары және ирригация министрліктері үшін қажетті техниканы сатып алуға бағыттады.

Республикалық бюджетке де үлес бар

2022-2024 жылдары Қоғам республикалық бюджетке корпоративтік табыс салығы (КТС) мен дивидендтер түрінде 135,8 млрд теңге төледі. "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасына сәйкес, 2024–2026 жылдары қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға 185 млрд теңге бөлінеді. Қаражат қайтарымды негізде – 0,1 % мөлшерлемемен 15 жылға дейінгі мерзімге Өнеркәсіпті дамыту қорына жеңілдікті шарттармен беріледі.

Бұл:
- сұрыптау және қайта өңдеу желілерін,
- қоқыс таситын көліктерді сатып алуға мүмкіндік береді.

Мақсат – қалдықтарды сұрыптау және өңдеу үлесін арттыру. Қазіргі таңда мұндай жобаларға 52,4 млрд теңге бағытталған, - делінген ресми жауапта.

Түскен ақша қалай қадағаланады?

Жалғыз акционер – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі. Кеңес құрамына вице-министр мен Қаржы министрлігі өкілдері және тәуелсіз директорлар кіреді. ҚР Экологиялық кодексінің 391-бабы 1-тармағына сәйкес, жыл сайынғы инвестициялық саясат министрлікпен келісіледі. Оның орындалуы туралы есеп тоқсан сайын директорлар кеңесіне ұсынылады.

ҚР Экологиялық кодексінің 391-бабы 3-тармағына сәйкес, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің орындалуы туралы есеп жыл сайын корпоративтік сайтта жарияланады.

"Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Заңға сәйкес, Қоғам жыл сайын қаржылық есептілікке тәуелсіз аудит жүргізуге міндетті. Аудитор мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес конкурстық негізде таңдалады.

Қазақстанда қандай көліктер утильалымнан босатылған?

Қазақстанда утилизациялық төлем (утильалым) белгілі бір көлік құралдарына міндетті түрде салынады. Алайда кейбір техникалар бұл міндеттемеден толық босатылған.

Еске салсақ, сарапшы ескі көліктерге салықты төмендету неге әкелетінін айтты. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылған жылына байланысты жеңіл автокөліктер үшін көлік салығы төмендейді. Сарапшылардың пікірінше, 10 жылдан аса қолданыстағы автокөліктер үшін көлік салығын төмендету Қазақстанға бұрын айдалған автокөліктерді жаппай әкелуге ұласуы мүмкін.

Белгілі болғандай, Қазақстанда жаңа автокөліктердің бағасы тағы да қымбаттады.

Өзгелердің жаңалығы