Утильалым, жаңа тариф: Сарапшылар не дейді?

Утильалым, жаңа тариф: Сарапшылар не дейді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Хабар24» телеарнасына берген сұхбатында утильалымның бағасы 50 пайызға төмендетілгенін мәлімдеді. Осыған қатысты саладағы сарапшылардың пікірін біліп көрдік.

Жаңа тариф

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр енді автокөлік және ауылшаруашылығы техникасына утильалым 50 пайызға дейін төмендетілетінін айтты.

Автомобиль өнеркәсібін ынталандыру деңгейі автомобиль көлігі мен ауыл шаруашылығы техникасының барлық түрі бойынша көрсеткішті 50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жеңілдетілген автонесиеге 100 млрд теңге беріледі. Жылдық 4% және нөлдік бастапқы жарна. Мерзімі 7 жыл. 30 миллиард теңге автобус паркін жаңартуға бағытталады, - деп айтқан болатын Роман Скляр сұхбатында.

Айта кетсек, утильалым – автоөнеркәсіпті тікелей қолдау емес, ішкі нарықты қорғау. Белгілі бір дәрежеде бұл - тарифтік тосқауыл шарасы. Ал утильалымын жою жөніндегі ұсыныс шетелдік техника импорттаушыларының мүддесін қорғауға бағытталған.   

Жаңа автомобильдердің 65%, комбайндар мен тракторлардың 89% отандық өнім ретінде кәдеге жарату алымынсыз сатылады. Қазақстандық өндіріс қолжетімді техникаға деген сұранысты қанағаттандырады. Қалған сатып алушылар импорттық техниканы таңдайды.

Сондай-ақ фермерлердің басым көпшілігі, яғни 89% отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алады. Олардың бағасына кәдеге жарату алымы қосылмаған.

Автокөліктерді жеңілдетілген мөлшерлемемен сатып алу халыққа үлкен қолдау болады

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының Стратегиялық даму директоры Дархан Айдаулов қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге былай деп ойын білдірді.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығы утильалым саясаты бойынша бірыңғай Еуразиялық экономиалық одақтың мүшесі және жеке дара индустриялық саясатты ұстанатын мемлекет ретінде Ресей, Беларусь мемлекеттерінде орнаған утильалымдық механизм мөлшерлемесінің деңгейіне қатысты бірыңғай саясат болуы керек деп есептейміз. Яғни Ресей мен Беларусьте қойылған утильаламдық мөлшерлеме деңгейінде болуы керек. Бұл – біріншіден, - дейді сарапшы.

Айтуынша, екіншіден, отандық автокөліктердің құнына утильалымның мөлшерлемесі қосылмайды.

Үшіншіден, вице-премьер (Роман Скляр – ред.) мәлімдемесінде отандық автокөліктерді сатып алуға 100 млрд теңге бөлінетінін айтты. Ойымызша, бұл – халық үшін қабылданып отырған үлкен қолдау шарасы. Себебі нарықтағы сатып алынатын автокөліктердің 75%-ы бюджеттік автокөліктер. Осы автокөліктерді жеңілдетілген мөлшерлемемен сатып алу халыққа үлкен қолдау болады деп санаймыз, - деп түсіндіріп өтті маман.

Сондай-ақ егер утильалымның мөлшері 50 пайыздан да төмендейтін болса, онда Еуразиялық экономикалық одақтан ағылып келетін ескі техникалық регламентке сәйкес келмейтін автокөліктердің көптен елге кіруіне әсерін тигізеді. 

Бұл нені білдіреді? Яғни бұл Қазақстанға ескірген, техникалық регламентке сәйкес келмейтін автокөліктердің утилизациялық полигонына айналады деген сөз. Демек бүгінгі таңда утилизациялық алым осындай көліктердің еліміздің нарығына ағылып келуіне тежегіш фактор болып тұр, - деп түсіндірді Дархан Айдаулов.

Сарапшының пайымдауынша, утильдік алымның мөлшерлемесі қоғамдық қызу талқылаудан өтті. Әр тарап өз ұстанымын білдірді. Сөзінше, мемлекет әр тараптың ұстанымын тыңдап, осындай шешімге келіп отыр. 

Көлікті импорттаудың алдында кез келген Қазақстан азаматы жергілікті заңға сүйенеді. Мысалы, мен көлікті сол жақта (шетел – ред.) сатып аламын. Одан кейін оны осы жерге (Қазақстанға – ред.) алып келемін. Көліктің жеткізілуіне қаражат жұмсаймын. Ресей мен Беларусьтен алып келетін болсам, қосымша кедендік баж салығын төлемеймін, керісінше басқа шет елдерден алып келген көліктерге төлеймін.  Одан бөлек, басқа да түрлі салықтар төленеді. Егер жаңа автокөлік болса, қосылған құн салығын, яғни 27% көлемінде. Біз не себепті ескі автокөліктер көп келеді дейміз? Мысалы, Ресейді алайық. Ресейде утилизациялық алым бар. Оның деңгейі Қазақстанмен бірдей. Ол жақтан автокөлік Қазақстанға келсе, онда азамат кедендік пошлина және қосылған құн салығын төлемейді. Яғни Қазақстанға тура алып келуге жол бар, - дейді сарапшы.

Отандық техникаларға утильалым жоқ

«Вираж» ЖШС өкілі Ермек Ескергенов те жоғарыда көтерілген мәселеге қатысты ойын білдірді.

Сарапшы атап өткендей, шетелден келетін көліктердің утильалымы 50%-ға азайтылды. Ал Қазақстанда шығарылған техникалар, көліктер бағаларына утильалым жоқ.

Оның айтуынша, 50 пайызға төмендетілгеннен кейін шетелдік көліктердің утильалым сомасы шамамен қанша теңге болатынын айтып берді. 

Бұған дейін жеңіл көліктерді шетелден алып келгенде моторларының сыйымдылығы 1-ден 2-ге дейін болса, олардың утилизациялық алым сомасы 1 млн теңгеден асатын. Енді жаңа ереже бойынша шамамен 500 мың теңгедей болады. Яғни төлем көлемі көлік моторының сыйымдылығына байланысты есептеледі, - деп атап өтті Ермек Ескергенов.

Сарапшының сөзінше, былтыр фермерлердің 90 пайызы Қазақстанда шығарылған техникаларды қолданған. Яғни отандық техникаларға утильалым жоқ. Ал шетелден алып келінген көліктерге утильалым да, ҚҚС (қосылған құн салығы) да төлейді. Енді оларға ҚҚС сол күйінде қалады, ал утильалым 50 пайызға қысқартылады. 

Ермек Ескергеновтың пікірінше, Қазақстанда шығарылған тракторлар, комбайндар бағасы сол күйінде қалады. Себебі, олардың бағасында утильалым да, ҚҚС да жоқ.

Айта кетейік, азаматтар шетелден сатып алған көлігін елге кіргізгенде утилизациялық алымды бір рет қана төлейді.

50 пайыздық жеңілдік көліктердің утильалымына әсер етуі үшін ең алдымен Экология министрлігі тиісті бұйрық шығарады, содан кейін ғана утильалыммен айналысатын компания бағаларды түсіреді.

Бөлісу: