Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім берудегі аса үздік жетістіктері мен Қазақстанға сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар білім саласының қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Солардың бірі – Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Бименде Амалбеков атындағы тірек мектебінің география пәнінің мұғалімі Дәмеш Арынова салтанатты жиыннан соң пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дәмеш Арынқызы – 44 жылдық педагогикалық еңбек жолында талай белесті артқа тастап, бүгінгі жасанды интеллект дәуіріне де бейімделіп үлгерген ұстаздардың бірі. Ол өз түлеп ұшқан мектебінде еңбек етіп, бірнеше буынға білім мен тәрбие беріп келеді.
44 жылдық педагогикалық өтілімде мен үлкен марапатқа ие болып тұрмын. Бұл – мен үшін өте ерекше күн. Еңбек жолымды аға вожатый болып бастаған едім. Содан бері өзім түлеп ұшқан мектепте ұстаздық қызмет атқарып келемін. Бүгін менің педагогикалық арманым орындалды деп ойлаймын. Жас ұрпақты тәрбиелеп, бірнеше заманнан, бірнеше реформадан өтіп, қазіргі жасанды интеллект заманына келгеніме өте қуаныштымын, – деп ағынан жарылды ардақты ұстаз.
Айтуынша, заман ағымына сай бұрын мұғалім плакат жасап, қажетті дүниені қолмен дайындап әкелетін.
Ал қазір біз жасанды интеллектінің көмегімен кейбір ақпараттарды автоматты түрде 1–2 минутта меңгере алатын кезеңге қадам бастық. Бұл – керемет сезім. Әрине, мұндай мүмкіндіктермен бірге біздің жауапкершілігіміз де өте зор. Мемлекет басшысына зор алғыс айтамын. Оның барлық тапсырмасы орындалады деп ойлаймын. Себебі қазіргі жас ұрпақ – ерекше ұрпақ. Бүгінгі ұрпаққа тек білім мен тәрбие беріп қана қоймай, өз ісімізбен үлгі болуымыз керек. «Мектептің ең басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім» деген сөз бар. Сондықтан ұстаздың жолы әрқашан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жасыма қарамастан, бүгінгі таңда жасанды интеллектіні жетік меңгеріп алдым. Қазір жастарға өзім үйретіп жүрмін. Жасанды интеллект бізге өте үлкен көмек көрсетуде. Менің ойымша, ұстаз қай заманда да заман талабына бейімделіп, үнемі ізденісте болуы керек. Себебі мектептегі өзгеріс те, қоғамдағы өзгеріс те ең алдымен мұғалімнің еңбегі арқылы жүзеге асады, – деді Дәмеш Арынқызы.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарға үндеу жасап, білім саласындағы басты міндетті атады. Президент ұстаз мәртебесі, мектеп құрылысы және жасанды интеллектке қатысты маңызды мәселелерге тоқталып, Үкіметке нақты міндет жүктеді.
Президент ұстаздар үшін жасанды интеллектінің пайдасын айтты. Мемлекет басшысы жаңа технология мұғалімдерді артық жұмыстан босатып, оқушылармен жұмыс істеуге көбірек уақыт беретін құралға айналуы тиіс екенін айтты.
Тағы оқи отырыңыз: Ұстаздар күні: Үздік педагогтерге мемлекеттік награда берілді