Ұстаздар күні қарсаңында мұғалімдерге арналған сыйлықтарды арзан бағамен ұсынатын жалған сайттар арқылы алдаудың жаңа схемалары пайда болды. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алаяқтар ұстаздарға арналған тиімді сыйлық ұсыныстары бар жалған сайттарға сілтемелер жібереді. Алдау үшін жасанды интеллект көмегімен іс жүзінде жоқ тауарлардың суреттерін жасайды, ал сатушының орнына сатып алушыға чат-бот жауап береді, – деп ескертті ведомство.
Бас прокуратураның мәліметінше, мұндай сайттар сыртқы көрінісі жағынан шынайы интернет-дүкендерге ұқсайды. Алайда төлем жасалғаннан кейін сатып алушы ақшасынан да, тапсырыс берген сыйлығынан да айырылуы мүмкін.
Азаматтарға күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу және ондағы көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмау ескертілді.
Сондай-ақ банк картасының деректерін, CVV-кодты, PIN-кодты, парольдер мен SMS арқылы келген растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу қажет.
Сайттың шынайылығына және сатушының сенімділігіне көз жеткізбей тұрып алдын ала төлем жасамаңыз. Тапсырыс туралы ақпаратты сатушының ресми сайты немесе қосымшасы арқылы өз бетіңізше ашып тексеріңіз, – деп атап өтті Бас прокуратура.
Егер азамат карта деректерін беріп қойса немесе күмәнді қаражат есептен шығарылғанын байқаса, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттау қажет. Сонымен қатар болған жағдай туралы полицияға хабарлау ұсынылады.
Қазақстанда Ұстаздар күні қашан аталып өтеді?
Қазақстанда Ұстаздар күні жыл сайын 5 қазанда атап өтіледі. Бұл күн Қазақстан Республикасындағы кәсіби мерекелер тізіміне енгізілген.
2023 жылдан бастап Ұстаздар күні 5 қазанға бекітілді. Бұған дейін Қазақстанда мұғалімдер мерекесі қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін.
5 қазанның таңдалуы – әлемдік Мұғалімдер күнімен сәйкес келеді. Бұл мереке педагогтердің еңбегін құрметтеп, білім беру саласына қосқан үлесін атап өтуге арналған.