Ұстаз әр оқушының өмірден өз орнын табуына ықпал етеді - ата-ана

5 Қазан 2023, 16:16
1051
Бөлісу:
Ұстаз әр оқушының өмірден өз орнын табуына ықпал етеді - ата-ана
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Елордалық ата-ана Эльмира Бақытқызы ұстаздардың бала өмірінде маңызды рөл атқаратынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қай ұлт болмасын, қай ел болмасын ұстазын әрдайым қадірлеген. Бүкіл ұлтты тәрбиелейтін ұстаздар қауымы әр оқушының өмірден өз орнын табуына ықпал етеді, - деді елордалық ата-ана.

Ұстаз баланың жақсылығына қуанып, жетістікке жетсе мақтанышпен қарайды.

​Ал бүгін смартфонның тілі мен жасанды интеллекті меңгерген ұрпаққа жаңа білім беріп, оны қызықтыра білу кез келген мұғалім үшін оңай емесі анық. Технологияның тілін игерген баланы өзінің толқынына ілестіріп, мойындата алу үшін кәсіби шеберлік қана емес, түрлі әдіс тәсілдер қажет-ақ. ​Осындай білікті де іскер, ерінбей ізденетін, жалықпай балаға білім беретін ұстаздардың бірі – Құралай Тоқышева, - деп айтты Эльмира  Бақытқызы.

Құралай Тоқышева Астана қаласындағы №31 мектеп гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі.

​Шәкірттеріне аса мейірімді, жанашыр, сөзіне берік, мінезі шыншыл, өнегелі ұстаздың еңбегіне қарап, барлық мұғалім осылай адал еңбектенсе, араға көп уақыт салмай-ақ білімді де білікті, ұлтын сүйетін ұрпақтар көбейетіні сөзсіз дейсің. Кейде осы Құралай Тоқышеваның оқушыларына деген талабын көргенде, ата-анасы ретінде баланың сенімді қолда екенін сезінесің. Ұстаздың алдында бас иесің. ​Сабақ берудегі қызығушылығына тоқталатын болсақ, әр бала әртүрлі. Біреуі шапшаң болса, біреуі баяу. Біреуі алғыр болса, біреуі асықпай, мән-маңызына байыппен қарайды. Білімді асықпай меңгереді. Алдындағы отыз оқушыны танып-біліп, әрқайсысының талантын аша білді, - дейді ата-ана.

Оқу барысында түрлі жаңа әдіс-тәсілдерді қолданатын ұстаз оқытудың жаңа талабы – дәстүрлі емес сабақ түрі екенін айтады.
​Оның бірі, бүгінде әлем бойынша Сингапур білім беру жүйесі «Азия барысы» қатарында болуы, тиімді заманауи тәсілді қолдану ерекшелігінде деп танылады.

​Осындай қадірлі мерекеде барша ұстаздар қауымы ата-ана, баламен ынтымақтаста болып, сапалы білім мен тәрбие берумен осылай шын жанашырлықпен айналысса, еліміздің ала алмайтын қамалы болмайды, - деп айтты ата-ана.

Өзгелердің жаңалығы