Үсік, бұршақ, жаңбыр: 17 облыста дауылды ескерту жарияланды

Синоптиктер тұрғындарға ауа райының өзгерісін ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.

 pixabay 3 Қыркүйек 2026, 02:28
3 Қыркүйек 2026, 02:28
126
Фото: pixabay

Бүгін, 3 қыркүйекте Қазақстанның 17 облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды. «Қазгидромет» мәліметінше, бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, бұршақ, тұман, шаңды дауыл мен қатты жел күтіледі. Кей жерлерде үсік жүріп, төтенше өрт қаупі сақталады.

Қарағанды облысында түнде және таңертең тұман түсіп, өңірдің шығысында ауа температурасы 2 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін. Оңтүстік-шығыста жел екпіні 15 м/с-қа жетеді.

Түркістан облысында таулы аудандарда жаңбыр мен найзағай, батысында шаңды дауыл болжанады. Жел екпіні 15-20 м/с, кей жерлерде 23-28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Шымкент пен Түркістанда да қатты жел және төтенше өрт қаупі сақталады.

Жетісу облысының таулы аудандарында жаңбыр, найзағай және тұман күтіледі. Алакөл маңында желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.

Ақмола облысында жаңбыр мен найзағай болжанып, кей аудандарда тұман түседі. Шығысында топырақ бетінде 2 градус үсік күтіледі.

Алматы облысында жаңбыр, найзағай және тұман болжанады. Таулы аудандарда жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматыда күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.

Қостанай облысында жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Түнде және таңертең кей аудандарда тұман түседі.

Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай және 15-20 м/с жел болжанады. Солтүстік пен шығыста топырақ бетінде 2 градус үсік болуы мүмкін.

Павлодар облысында тұман түсіп, оңтүстігінде ауа температурасы 1 градус аязға дейін төмендеуі ықтимал. Шығыс Қазақстан облысында түнде кей аудандарда 5 градусқа дейін аяз, ал Абай облысында 3 градусқа дейін аяз күтіледі.

Қызылорда облысында шаңды дауыл тұрып, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа жетеді.

Сонымен қатар Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Синоптиктер тұрғындарға ауа райының өзгерісін ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.

Наверх