Ұшақта қару алып жүру үшін ақы төленбейді

26 Қаңтар 2022, 20:28
1345
Бөлісу:
Ұшақта қару алып жүру үшін ақы төленбейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл істі сотта қарауға республикалық «Қансонар» республикалық аңшылар қауымдастығының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне 2021 жылғы 14 шілдедегі өтініші негіз болды. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Өтініште «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ тарапынан әуе кемесіне қару мен оның оқ-дәрілерін алып жүру бойынша бір рет қызмет көрсеткені үшін ҚҚС-ты ескере отырып, 15 000 теңге мөлшерінде қосымша ақы алынатыны туралы айтылды. Бұл ретте әуе кемесінде қару алып жүргені үшін көрсетілетін қызметтің құнын авиакомпаниялар әуе билетінің құнына қосқан. Салдарынан Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында жолаушылар дәл сол қызмет үшін 2 рет төлем жасауға - әуежай мен авиакомпанияға екі есе төлем жасауға мәжбүр болды.

Өтінішті қарау шеңберінде Агенттік Бас прокуратурамен бірлесіп бұл қызмет елордалық халықаралық әуежай қызметінің жеке түрі ретінде монополияға қарсы органмен келісілмегенін анықтады. Бұрын Астана халықаралық әуежайы авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша реттеліп көрсетілетін қызмет шеңберінде осы қызметті көрсеткен болатын. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тарапынан материалдар Бас көлік прокуратурасына жіберілді - делінген хабарламада.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Авиациялық көлік прокуратурасы материалдарды қарау нәтижелері бойынша бұл қызметтің заңсыздығы туралы наразылық шығарды, оған «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ тарапынан осы шешіммен келіспейтіні туралы сотқа талап арыз берілді.

6 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында көрсетілетін әуе кемесінде қару-жарақ пен оның оқ-дәрілерін алып жүру бойынша ақылы қызметті алып тастау туралы Авиациялық прокуратураның талабын қанағаттандыру туралы шешім шығарды.

Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы