Ұшаққа домбыра алып кіру үшін қосымша ақша төлеу міндетті ме? Бұл сұраққа Air Astana компаниясының жерүсті қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті Александр Небога жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол ұшаққа домбырамен кіру үшін жолаушы тағы бір орынға төлеуге міндетті екенін айтты. Сөзінше, мұндай тәртіп тәжірибе әлемде бар.
БАҚ өкілі көлік министрлігі ұйымдастырған брифингте компания өкіліне «Менің қолымда домбыра бар. Бұл музыкалық аспаппен ұшаққа отыру үшін қосымша ақша төлеу керек пе?» деп сұрақ қойды.
Александр Небога жолаушы қосымша орын үшін төлеу керегін айтты.
Біз ұшақ резеңке секілді созылмайтынын білеміз. Әуе кемесінде багаж бен қол жүгіне арналған орындар бар. Алайда онда олардың көлемі мен салмағы бойынша белгілі бір шектеулер қарастырылған. Тиісті музыкалық аспаптарды тасымалдауға рұқсат етіледі. Ол үшін қосымша орын сатып алу қажет. Бұл әлемде бар тәжірибе. Оны барлық әуекомпания қолданады, - деді Александр Небога.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Көлік вице- министрі Талғат Ластаев "Елімізде әуе билеттерінің бағасы қымбаттай ма?" деген сауалға жауап берді.