Ұшақ апатында зардап шеккен екі азаматтың денсаулығы туралы айтылды

16 Наурыз 2021, 12:37
1865
Бөлісу:
Ұшақ апатында зардап шеккен екі азаматтың денсаулығы туралы айтылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Екі науқастың да жарақаты көп. Қазір олар шок жағдайында. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық Басқармасының басшысы Нариман Табынбаев онлайн-брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, Алматыдағы ұшақ апаты болған жерге 10 медициналық жедел жәрдем бригадасы барып, көмек көрсеткен. Зардап шеккен екі адам әуежайға жақын жердегі №4 ауруханаға жеткізіліп, қазір сонда ем алып жатыр. 

Екі науқастың да жағдайы өте ауыр. Мәселен, 1990 жылы туған бір азаматтың бас ми жарақаты, кеуде қуысында көптеген сынығы бар. Оның үстіне күйік шалған. Стационарға түсісімен оларға шокқа қарсы ем-дом жасалды. Сондықтан қазіргі емдік жұмыстың бәрі олардың жағдайын тұрақтандыруға бағытталған,-дейді басқарма басшысы. 

Қазір зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, алайда оларды күйік шалғандықтан денсаулықтарына әлі де алаңдаушылық басым. Сондықтан оларды емдеуге мықты деген мамандар тартылған, яғни тәжірибелі травмотолог, реаниматолог, хирургтер оларды оңалту бойынша жұмыс істеп жатыр. 

1996 жылы туған екінші азамат та ауыр жағдайда. Олардың өміріне қауіп төнетін белгі жоқ. Алайда олар үлкен жарақат алғанын түсінуіміз керек. Қазір дәрі-дәрмек жеткілікті және сырттан мамандар шақырудың еш қажеттілігі жоқ. Науқастардың жағдайы тұрақталады деген үміттеміз,-дейді Табынбаев. 

Айта кетсек, 13 наурызда Алматы әуежайы маңындағы Қызылту ауылында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы апатқа ұшыраған еді. Ұшақ бортында болған алты кісінің төртеуі қаза тауып, екеуі ауруханаға жеткізілген.



Өзгелердің жаңалығы