Үш тоннадан астам есірткі тәркіленді

26 Қараша 2020, 03:47
1530
Бөлісу:
Үш тоннадан астам есірткі тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының полицейлері жыл басынан бері заңсыз айналымнан үш тоннадан астам есірткі тәркіледі, деп хабарлады Polisia.kz.

Есірткі қылмыстарын анықтау және оған қарсы күрес полицейлердің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі болып табылады. Есірткі құралдарын дайындаумен, тасымалдаумен, сақтаумен, өткізумен айналысатын адамдардың қылмыстық әрекеттерінің жолын кесу бойынша іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіледі.

2020 жылдың 21 қарашасында полиция қызметкерлері Т. Рысқұлов ауданында қой бағатын Жуалы ауданының 42 жастағы тұрғынын ұстады, одан 16 келіден астам кептірілген марихуана табылып, тәркіленді.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Күдікті өз кінәсін мойындады және қамауға алынды.

Сонымен қатар Жамбыл облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері 785 қылмыстық құқық бұзушылық дерегін анықтады, оның ішінде 120 есірткі өткізу дерегі, есірткіні аса ірі көлемде сақтаудың 59 дерегі, 5 есірткі контрабандасы, 4 есірткіні насихаттау немесе заңсыз жарнамалау және 574 қылмыстық теріс қылық дерегі бар.

Полицейлер заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам түрлі есірткіні тәркіледі, оның ішінде 70 келі гашиш, 2 тонна 907 келі марихуана, 1 келі героин және 2 келі синтетикалық есірткі бар.

Өзгелердің жаңалығы