Үш музейге ұлттық мәртебе беріледі

21 Мамыр 2024, 16:02
448
Бөлісу:
Үш музейге ұлттық мәртебе беріледі
Фото: BAQ.KZ - архив

Мемлекет басшысы еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілетінін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазіргі заман талабына сай музей қоғам санасын жаңғыртуға зор ықпал ететін озық институтқа айналуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді терең танып, одан тағылым алуы қажет. Жалпы, елімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту мақсатында ауқымды әрі үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Ұзақ жылдан бері алғаш рет жақында материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізбесі айтарлықтай кеңейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне біздің «салбурын» және «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерімізді енгізу мәселесі пысықталып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мәдениет пен өнер адамдары тарихи үрдістің алдыңғы шебінде жүріп, сол арқылы ұлтымыздың қарқынды дамуына ықпал ететінін атап өтті.

Сіздер өз шығармашылықтарыңыз арқылы халқымыздың бірегей болмысының жаңа қырын ашасыздар. Азаматтардың жасампаз қуатын оятасыздар. Сондықтан мемлекет шығармашылық өкілдерінің беделін арттыру үшін тиісті шараларды қабылдайды. Мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай көбейді. Менің тапсырмаммен «Халық әртісі» және «Халық жазушысы» атағы қайта беріле бастады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыз дарынды ұл-қыздарын қашанда қадірлей білгеніне назар аударып, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Бұл – әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде, мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн. Аға буынның өнердегі жолын қазіргі жастарымыз да лайықты жалғастырып келеді. Осы сабақтастықты сақтау өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы