Ақтөбе облысында бірнеше буын қатарынан ішкі істер саласында еңбек етіп келе жатқан отбасылар бар. Солардың бірі — Жұмақұловтар отбасы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отбасының діңгегі Махамбет Жұмақұлов 1977-1998 жылдары ішкі істер саласында жемісті еңбек еткен. Қобда аудандық ішкі істер бөлімінде еңбек жолын бастаған ол 1984-1987 жылдары осы аудандағы ішкі істер бөлімін басқарса, 1987 жылдан бері қарай Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінде ұзақ жылдар еңбек етіп, подполковник шенін алған. Бүгінде зейнет жасындағы подполковник балалары мен немерелерінің қызығын көріп отыр.
Ақтөбе қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының бастығы, полиция подполковнигі Аманғали Жұмақұлов — әке жолын жалғастырған азамат. Қазіргі таңда қоғам тыныштығын күзетіп, құқық қорғау саласында абыройлы еңбек етіп жүр.
Атам мен әкемнің жолын қуып, осы саланы таңдадым. Атам Сәлім Жұмақұлов — Ұлы Отан соғысының ардагері. Жапония жерінде соғысқан. Соғыстан елге оралған соң Қобда аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс істеген. Кейін облыстық ішкі істер басқармасында көп жыл қызмет еткен. Полковник шенін алған. 1999 жылы өмірден өтті. Ал әкем осы салада ұзақ жылдар қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты. Өзімнің осы салада жүргеніме биыл 23 жыл толады. Осы жылдар ішінде Қобда аудандық ішкі істер бөлімінде, Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасында, облыстық полиция департаментінде әр түрлі лауазымдарды атқардым. 2023 жылдан бері жедел басқару орталығын басқарамын. Міндетім — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, — дейді ол.
Бүгінде Аманғали отбасында бір ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Ол ұлының да ата жолын қуып, тәртіп сақшысы болғанын қалайды.
Үш буын полицейлер шыққан отбасы көпке үлгі болары анық.