Алматыда үш адамның қазасына себеп болған жол апаты бойынша сот процесінде жәбірленуші тарап кәсіпкер Александр Пакты кешіру туралы шешімнің себебін айтты. Марқұм Еламан Тілемісовтің отбасының мүддесін қорғаған адвокат Гүлмира Бабажанованың сөзінше, бұл шешім туыстарымен жан-жақты ақылдасқаннан кейін қабылданған.
Адвокаттың айтуынша, марқұмның жақындары айыпталушының отбасылық жағдайын назарға алған. Атап айтқанда, олар Александр Пактың жасы келген анасын және кәмелетке толмаған үш баласын ойлап, түсіністік танытқан.
Сонымен қатар, Гүлмира Бабажанова жәбірленуші тарапқа 100 миллион теңге көлемінде өтемақы төленді деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, отбасы ірі көлемде ақша талап етпеген. Кінәлі тарап өз мүмкіндігіне қарай ерікті түрде материалдық көмек көрсеткен.
Қорғаушының сөзінше, кешірім беру айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Заң талаптарына сәйкес, тараптардың татуласуы тек жазаны тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырылуы мүмкін. Ал түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Еске салайық, басты сот отырысына жол апатында марқұм болған үш адамның тек екеуінің туыстары қатысқан болатын. Олар күдікті Александр Пакты кешірім беріп, тек шартты жаза тағайындауды сұраған болатын.
Ал 8 маусымда үшінші жәбірленуші тарап та Пакқа кешірім бергені белгілі болды.
Сонымен қатар, сот отырысы барысында Пак кінәсін толық мойындады.