Теннистен АҚШ ашық чемпионатында әйелдер арасында жекелей сында финалдық матч мәресіне жетті.
Әлемнің 2-ракеткасы, беларусь спортшысы Арина Соболенко дүниежүзілік рейтингіде 6-орында тұрған америкалық Джессика Пегуланы 7:5, 7:5 есебімен ұтты.
Бұдан бұрын тағы беларусь спортшы Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінде дәл сол Д.Пегуланы 6:3, 7:5 есебімен ұтқан еді.
Осылайша, қатарынан екі жарыста жеңімпаз атанған А.Соболенко жеңіс сериясын 12 ойынға жеткізді.
Бұл – оның «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші титулы. Бұдан бұрын ол 2023 және 2024 жылдары Аустралия чемпионатында үздік шыққан еді. Соның ішінде 2023 жылы финалда қазақстандық Елена Рыбакинаны ұтқан болатын – 4:6, 6:3, 6:4.
Ерлер арасында финалда әлемнің 1-ракеткасы, Италия өкілі Янник Синнер мен рейтингіде 12-орындағы америкалық Тейлор Фритц чемпиондық атақ үшін таласады.