"Ұры мен полиция сыбайлас па?": Депутат халықтың үндеуін жеткізді

Бөлісу:
"Ұры мен полиция сыбайлас па?": Депутат халықтың үндеуін жеткізді
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдаған депутаттық сауалында мал ұрыларын ұстауды сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Президенттен көмек сұрауға мәжбүр болған Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы тұрғындарының әлеуметтік желіге шыққан видеоүндеуін мысалға келтірді.

Маған да ондаған адам хабарласты. Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасар деп бес күн күттік. Алайда ешқандай реакция жоқ. Катонқарағайға қарасты Шыңғыстайдың шырқын осы ұрылар бұзып бітірді. Алақандай ауыл халқына ұры-қарының қорлығы әбден өткен. Төзімдері таусылып, сенімдері сетінеген ел енді бар үміттерін ел басшылығына артып, яғни Президенттен көмек сұрап отыр. Өйткені қой қоралап, ірі-қара табындап, жылқысы үйір-үйірімен жоғалып жатқан соң қайтсін?! Полиция дегеннен әбден күдер үзген. Осы күнге дейін қаншама малы қолды болып, ұрланса да, полиция ізін таппаған. Бұл нені көрсетеді?! Не іздеуге құлықсыз немесе ұры мен полиция ауыз жаласып, ымыралысып, ынтымақта жұмыс істейді. Ақиқаты осы. Басқаша айту мүмкін емес! - дейді Толықбай.

Депутат ІІМ басшысынан "Ұры мен полиция бір, сыбайлас па?" деп сұрады.

Мақсат Толықбай Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында арнайы рейд жүргізіп, мал ұрлығының алдын алу мен ұрыларды ұстау бойынша кешенді шараларды қолға алуды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы