Урбанизация тек құрылыс емес: Юлия Кучинская қалалар мен ауылдардың қордаланған мәселесін атады

 ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек 6 Қараша 2026, 12:06
6 Қараша 2026, 12:06
127
Фото: ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек

Қазақстанда урбанизация мәселесін тек жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу арқылы шешу мүмкін емес. Құрылыс аяқталғаннан кейін адамдарды жұмыспен қамту, өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту, көлік қатынасын дамыту және тұрғындардың қоғамдық өмірге араласуына жағдай жасау қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Құрылтай депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Юлия Кучинская «Sarap» сарапшылар клубының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған отырысында мәлімдеді.

Депутаттың пікірінше, урбанизация – бір ғана қаланың немесе мемлекеттің мәселесі емес, әлемдік деңгейдегі үдеріс. Дамыған елдер бұл кезеңнен жүздеген жыл бұрын өтсе, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері олардың ұзақ уақыт бойы бастан өткерген өзгерістерін қысқа мерзімде өткеріп жатыр. Сондықтан елдегі урбанизацияны әлемдік тенденциялармен байланыстыра отырып қарастыру қажет.

«Біз урбанизацияға әлемдік тенденция тұрғысынан қарауымыз керек. Бұл тек біздің елде немесе Астанада болып жатқан жағдай емес. Дамыған мемлекеттерде бұл үдеріс жүздеген жыл бұрын басталып, ұзақ уақытқа созылды. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері сол елдердің жүз, тіпті екі жүз жыл ішінде бастан өткерген өзгерістерін өте қысқа мерзімде өткеріп жатыр. Мұның барлығы урбанизацияға әсер етеді. Тіпті Африка елдерінің өзінде урбанизация қарқынды жүріп жатыр», – деді Юлия Кучинская.

Ауылдар босап, қалаларға көші-қон күшейіп жатыр

Оның айтуынша, урбанизацияның салдарын бағалағанда ауылдардағы халық санының азаюы мен оңтүстік өңірлердегі табиғи өсім сияқты демографиялық айырмашылықтарды да ескеру керек. Солтүстік ауылдарда тұрғындар саны бірнеше жылдан бері қысқарып келеді. Ал оңтүстікте туу көрсеткішінің жоғары болуы халық санының өсуіне ықпал етіп отыр. Кейбір ауылдарда тұрғындар саны 10 мың адамнан асады. Бұл ретте табиғи өсім көші-қон салдарынан болатын халық шығынын ішінара немесе толық өтеп отыр.

Депутат ауылдардың босап қалуының әлеуметтік себебіне де назар аударды. Оның сөзінше, ауыл тұрғындарының қалаға көшіп келуіне тек жұмыс іздеу емес, қаржылық мүмкіндік те әсер етеді. Кейбір азаматтардың тіпті аудан орталығына қоныс аударуға жететін жинағы жоқ. Сондықтан ауылдардың жағдайын қарастырғанда, халықты қалаға көшіруді ғана емес, сол елді мекендерде өмір сүруге қажетті жағдай қалыптастыруды да ойлау керек.

«Егер ауыл жойылса, адамның қолындағы мүлкін сатып, қалаға көшуіне де мүмкіндік болмай қалуы мүмкін. Өйткені оның қалаға, тіпті аудан орталығына қоныс аударуға жететін жинағы жоқ. Сондықтан мемлекеттік деңгейдегі шешімдерді бірнеше сатыда қарастырып, үдерістің мәнін терең түсінуіміз қажет. Бұл мәселені тек әдемі ғимараттар, белсенді құрылыс және жаңа нысандар салу тұрғысынан ғана талқылауға болмайды», – деді депутат.

Құрылыс аяқталғаннан кейін адамдар қайда жұмыс істейді?

Юлия Кучинская ауқымды құрылыс жобалары экономиканың дамуына серпін бере алатынын жоққа шығармайды. Алайда оның пікірінше, құрылыс аяқталғаннан кейінгі кезең де алдын ала жоспарлануы керек. Жаңа нысандар салу барысында сол жерде жұмыс істейтін адамдардың болашағы, жұмыспен қамту мәселесі және өңір экономикасының одан әрі дамуы назардан тыс қалмауға тиіс.

«Үлкен құрылыс – өте жақсы әрі маңызды жоба. Ол экономиканың дамуына серпін беруі мүмкін. Бірақ бір нәрсені түсінуіміз керек: құрылыс аяқталады, ал одан кейін не болады? Адамдар қайда жұмыс істейді, немен айналысады, экономика қалай дамиды? Біз жобаны жүзеге асырып жатқан кездің өзінде оның салдарын ойлауымыз керек. Қысқа мерзімді жоспар құрғанда, оның болашақта қандай нәтижеге алып келетінін де бағалау маңызды. Тұрақты даму үшін жүйелі әрі ұзақ мерзімді жоспарлау қажет», – деді ол.

Депутат әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда да өңірлердің нақты қажеттілігін ескеру керектігін айтты. Оның сөзінше, белгілі бір елді мекенге мәдениет үйін немесе театр салу өздігінен барлық мәселені шешпейді. Егер сол өңірде экология, жылу жүйесі, жол және басқа да базалық инфрақұрылым проблемалары шешілмесе, жаңа нысанның тиімділігі де төмен болуы мүмкін.

Ескі қазандықтар мен экология мәселесі

Мәселен, ол Ақкөл қаласындағы экологиялық жағдайды мысалға келтірді. Қала айналасындағы табиғат көркем болғанымен, қыс мезгілінде тұрғындар үшін ауа сапасы күрделі мәселеге айналады. Бұған ескі қазандықтардың экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі себеп. Қаланың бір бөлігі орталық қазандықтар арқылы жылытылса, екінші бөлігіндегі тұрғындар үйлерін өздері жылытуға мәжбүр.

©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек

Сондай-ақ депутат қалалардағы экологиялық ахуалға тоқталды.

Еліміздің қалаларының ішінде тек үшеуі ғана жасыл аймаққа енген. Қалғандары қызыл, қызғылт сары және басқа да қауіп аймақтарында тұр. Бұл – ойланатын көрсеткіш. Мысалы, Ақкөлге қыста барсаңыз, айналасы керемет табиғат болғанымен, қаланың өзінде ауа сапасына байланысты қиындықтар бар. Себебі қаланың жылу жүйесі ескі қазандықтарға тәуелді. Олар қазіргі экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Сондықтан жаңа нысан салумен қатар, өңірдегі негізгі инфрақұрылымдық мәселелерді де шешуіміз керек», – деді Юлия Кучинская.

Көлік қатынасы мен қала маңындағы кептеліс

Ол урбанизация жағдайында көлік қатынасының қолжетімділігі де маңызды екенін атап өтті. Мәселен, Ақкөл тұрғындары Астанамен байланыстыратын пойыз аялдамаларының тоқтатылғанына алаңдайды. Депутаттың пайымдауынша, қала маңына қатынайтын жылдам электр пойыздарын іске қосу елордаға күн сайын қатынайтын адамдардың көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік берер еді.

«Мені Ақкөл тұрғындарының Астанамен байланыстыратын пойыз аялдамаларының тоқтатылғанын айтуы таңғалдырды. Егер жылдам электр пойыздарын іске қоссақ, қалаға кіреберістегі таңертеңгі және кешкі көлік ағынын азайтуға болар еді. Адам пойызға отырып, қалаға жұмысқа келіп, кешке қайтадан өз үйіне орала алады. Бұл жеке көліктерге түсетін жүктемені де төмендетер еді», – деді ол.

Сонымен қатар депутат LRT жобасының тиімділігін бағалау кезінде жолаушылар ағынымен шектелмеу керектігін айтты. Оның сөзінше, қалаға қатынайтын азаматтардың қандай мақсатпен және қандай жұмысқа баратынын да зерттеу қажет. Себебі кейбір тұрғындар үшін жеке автокөлік жұмысының негізгі құралы болуы мүмкін. Мұндай жағдайда қоғамдық көліктің іске қосылуы жеке көліктер ағынын толық азайтпауы ықтимал.

«Біз адамдардың қалаға қандай мақсатпен қатынайтынын түсінуіміз керек. Егер олардың жұмысының негізгі құралы автокөлік болса, LRT іске қосылғанымен, олар бәрібір жеке көлігімен жүреді. Сондықтан тек жолаушылар ағынын есептеу жеткіліксіз. Адамдардың күн сайын қалаға не үшін келетінін, қандай қызмет атқаратынын зерттеу қажет. Сонда ғана LRT шексіз кептелістер мен жолда сағаттап тұру мәселесін шешуге қаншалықты көмектесетінін объективті бағалай аламыз», – деді депутат.

Тұрғындардың қоғамдық өмірге араласуы неге төмен?

Бұдан бөлек, Юлия Кучинская тұрғындардың өздері тұратын үй мен аумақты дамытуға қатысу белсенділігіне тоқталды. Оның айтуынша, сауалнама нәтижесінде үйдің немесе тұрғын үй аумағының дамуын талқылауға қатысатындар үлесі небәрі 5 пайыз болған. Депутат бұл көрсеткішті тұрғындардың қоғамдық өмірге араласуына кедергі келтіретін тұрмыстық және ұйымдастырушылық мәселелермен байланыстырады.

«Бәріміз үй чаттарында отырамыз. Мен де ОСИ, КСК туралы заңмен және тұрғын үй саласындағы қарым-қатынастарды дамыту мәселелерімен айналыстым. Бірақ адамдардың өз үйінің өміріне араласуға уақыты жоқ. Мысалы, үй кеңесінің отырысын өткізу үшін бірнеше рет жиналмақ болдық. Бірі жұмыстан кеш шығады, енді бірі отбасылық міндеттерін орындауы керек. Кездесетін орын табудың өзі қиын. Біреудің үйіне бару ыңғайсыз, паркингте отыратын орын жоқ. Осындай қарапайым кедергілердің өзі адамдардың ортақ мәселелерді талқылауына әсер етеді», – деді ол.

Осыған байланысты депутат қала тұрғындарының өзара байланыс орнатуына мүмкіндік беретін қоғамдық кеңістіктерді көбейту қажет деп есептейді. Оның пікірінше, адамдардың бір-бірімен араласуы, пікір алмасуы және ортақ шешім қабылдауы үшін қолайлы орта қалыптастыру маңызды. Бұл ретте әкімдіктер мен қоғамдық ұйымдардың бастамасы және қолдауы қажет.

«Егер біз тұрғындардың қала өміріне араласқанын, өзара тату көршілік қарым-қатынас орнатқанын қаласақ, онда адамдардың коммуникация жасауына арналған арнайы кеңістіктер мен аумақтар құруымыз керек. Кейде мұндай байланысты қалыптастыру үшін бастапқы бастама қажет. Бұл жұмысты әкімдіктер мен қоғамдық ұйымдар да қолдай алады. Адамдарды диалог құруға, пікір алмасуға, ортақ шешім іздеуге үйретуіміз керек. Сонда ғана қалалық мәдениетті дамытуға мүмкіндік туады», – деді Юлия Кучинская.

Ол «Таза Қазақстан» акциясы кезінде тұрғындардың өздері тұратын ауланың тазалығына да белсенді араласуы керектігін атап өтті. Депутаттың ойынша, азаматтар тек жұмыс орындарының аумағын тазалаумен шектелмей, өз үйі мен ауласына да жауапкершілікпен қарауы қажет.

«Менің ойымша, «Таза Қазақстан» акциясы кезінде әр ауладан тұрғындардың өз еркімен шыққанын көргеніміз маңызды. Адамдар тек жұмыс орнындағы аумақты тазалап қана қоймай, өздері тұратын ауланы да ретке келтіруге мүдделі болуы керек. Бұл – тұрғындардың ортақ кеңістікке деген жауапкершілігін қалыптастырудың бір жолы», – деді депутат.

Сөз соңында Юлия Кучинская урбанизация мәселесі бір ғана талқылаумен шешілмейтінін, оның бірнеше деңгейден тұратын күрделі үдеріс екенін айтты. Оның пікірінше, бүгінгі сарапшылар басқосуында осы бағыттағы негізгі мәселелерді айқындап, алдағы жұмысқа негіз болатын тақырыптарды белгілеудің өзі маңызды қадам.

Наверх