Урбанистердің жаңа көзқарасы, жаңа трендтері сезіледі – әкім

9 Қыркүйек 2022, 19:38
970
Бөлісу:
Урбанистердің жаңа көзқарасы, жаңа трендтері сезіледі – әкім

Әбілқайыр Сқақов урбанистер ассоциациясының өкілдерімен қала тұрғындарының демалысына арналған болашақ жобаларды талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Инклюзивті жастар спортсаябағы Ломов – Катаев көшелерінің қиылысында орналаспақ. Оның негізінде қалалықтардың әртүрлі жас ерекшеліктеріне қарай тақырыптық аймақтарды ұйымдастыру көзделуде. Оның ішінде балаларға арналған алаң, жасөспірімдер аймағы, воркаут, спортшыларға арналған скейт-аймақ, арқанды саябақ, құрғақ фонтан және футбол корты кіреді. Жастарға арналған саябақ қысы-жазы жұмыс істейді.

Сонымен бірге, «Усолка» эко-саябағының абаттандырылуы жоспарлануда. Аумақтың ерекшеліктеріне қарай саябақ территориясы балық аулауға арналған жағалау, пикник, серуен, ағаш егу, кэмпинг аумағы және қысқы сырғанаққа арналған төбелер болып бөлінеді. Келушілердің саябақтың шалғай жерлеріне деген қолжетімділігін арттыру үшін саябақ ішінде топырақты жол мен жаяу серуендеуге ыңғайлы декингтен жасалған эко-соқпақтар салынады.

Биатлон мен триатлонға арналған ұзындығы 3,7 шақырымдық әмбебап спорт саябағы қаланың батыс бөлігінде Ертіс бойында пайда болады. Көпфункционалды кеңістікте памп трек трасса, спортшыларға арналған пирс, өткелдер мен тротуарлар, велосипед жолдары мен модульдік құрылыстар орналасады. Саябақтың ең басты ерекшеліктері – әлемдік үлгідегі мұнара мен өзен вокзалы маңындағы жаяу көпір болмақ. Бұл болашақта Усолка жағалауын Орталық жағалаумен қосуға мүмкіндік береді.

Тағы бір жаңашылдық Лермонтов көшесіне қатысты. Өткізілген сараптамалар негізінде көшенің архитектуралық-көркемдік келбетін ғана емес, жол-көлік оқиғалар қаупін төмендету мақсатында жаяу жүргіншілер мен көлік жүрісін қайта қарау тура келеді. Жоспарға сәйкес, мұнда қауіпсіз веложолдар, ойын алаңдары, белсенді және парклеттері бар тыныш демалыс аймақтары, сауда павильондары, кіші архитектуралық формалар мен аялдама кешендері пайда болады.

Ландшафттық сәулетші Роман Шнайдерман айтып өткендей, барлық жобалар қоршаған ортаға минималды әсер ету және жасыл желек қорының сақталуымен жүзеге асырылады.

Өңір басшысының бастамасымен Павлодар тұжырымдамасын әзірленуде. Жобалар әртүрлі болғанымен, қала үшін аса қажетті. Тұрғындармен келіссөздер мен концептуалдық әзірліктер жүргізілуде. Жоба ағаш кесусіз экологиялық таза идеялардан тұрады, - деді урбанист.

Әбілқайыр Сқақов бұл іске азаматтық қоғамды барынша қатыстырудың маңыздылығын атап өтіп, урбанистер идеяларын қолдады.

Төрт жобада да урбанистердің жаңа көзқарасы, жаңа трендтері сезіледі. Жаяу жүру мәдениетін қалыптастырып, адамдардың демалысына барынша жағдай жасау керек. Бұл жерлер қалалықтардың сүйікті орындарына айналмақ. Тұрғындардың барлық өтініштерін ескеруіміз қажет, - деді облыс әкімі.

Облыс әкімі аталған жобаларды келесі жылдан бастап жүзеге асырып, қалалық ландшафтты жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу ісін жеделдетуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы