Уран өндіруге салықты көтеру Канадамен байланысты бұзбайды – министрлік

23 Қыркүйек 2024, 16:32
335
Бөлісу:
Уран өндіруге салықты көтеру Канадамен байланысты бұзбайды – министрлік
Фото: pixabay.com

Елімізде бірнеше канадалық компания энегетикалық жобаларды жүзеге асырмақ. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 100-ден астам канадалық компания жұмыс істейді. Канадалық компаниялардың 30-ға жуығы мұнай-газ саласында шоғырланған. Елімізде Tenaris, Condor Energy және Silver Bull компаниялары энергетикалық жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізуде. Компаниялар Қазақстанның қатаң экологиялық және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жұмыс істеп, қолдау көрсетіп келеді. Жалпы, елімізде канадалық компаниялардың инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндігі зор екенін айтқым келеді. Біз инвесторлар үшін жағдайды жақсартатын жаңа заңнамалық өзгерістерді ескере отырып, Қазақстанда мұнай-газ жобаларын іске асыруды көздеп отырған канадалықтардың ниетін құптаймыз, - деді вице-министр Қазақстандағы Канада елшігі ұйымдастырған іс-шарада.

Ақкеженов екі елдің арасындағы халықаралық деңгейдегі ортақ мәселелерге тоқталды.

Бізді Канаданың 2030 жылға қарай жалпы шығарындыларды 2005 жылғы деңгейден 45 пайызға қысқартуды көздеуі, онымен қоса 2020 жылғы деңгейден 2030 жылға қарай метан шығарындыларын 35 пайызға азайтуды жоспарлап отырғаны таң қалдырады. Бұл мәселеде Қазақстан да 2060 жылға қарай көміртек шығындыларын нөлге жеткізуді мақсат етіп отыр. Жаңартылатын энергия қуатын үш есе ұлғайтуды көздей отырып, Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінің 15 пайызға (7000 МВт) арттыруды жоспарлауда, - деді Ақкенженов.

Сонымен қатар Ерлан Ақкенженов Канада уран өндіретін кен орындарға бай екенін айтып, екі елдің өндіріс салыстырды.

Өздеріңізге мәлім, еліміз өндірілген табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында тұр . Негізгі уран импорттаушы елдер – Канада, Франция, Қытай және Ресей. Канада дүниежүзіндегі екінші ірі уран өндіруші ел, десе де оның үлесінде жалпы әлемдік өндірістің шамамен 13 пайызы тиесілі. Сонымен бірге Канадада концентрациясы өте жоғары уран өндіретін кен орындары бар. Мен жылдар бойы дамып келе жатқан атом өнеркәсібі аясындағы Қазақстан-Канада берік ынтымақтастығын атап өткім келеді. Біз бірге маңызды белестерді бағындырдық. Көп жыл өзара тиімді ынтымақтастықтың арқасында Қазақстан мен Канада ядролық секторда берік серіктестік орнатты. Бұл серіктестіктің негізі 1998 жылы «Cameco» компаниясымен «Inkai» деп аталатын Қазақстан-Канада бірлескен кәсіпордардың бастамасымен құрылды, - деді Энергетика вице-министр.

2025 жылы уран пайдалы қазбасын өндіруге салынатын салық 6 пайыздан 9 пайызға дейін артады. Вице-министрдің айтуынша, бұл өзгеріс Қазақстаннан уран импорттап отырған канадалық компанияға әсерін тигізбеген. Қазіргі таңда «Inkai» кәсіпорны тұрақты жұмыс істеп, көптеген қазақстандықтарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы