Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттері Арменияны ұйымдағы одақтас ел ретінде қарастырады. Бұл туралы ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков мәлімдеді.
Армения әу бастан ұйымның белсенді әрі үйлесімді мүшесі болды. Ол ұжымдық әлеуетті нығайтуға лайықты үлес қосты. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер бұл елді әлі де ұйымдағы одақтас ретінде қарастырады, — деді Масадыков.
Ол ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Ереванмен Арменияның бірлескен жұмысқа толыққанды қатысуын қайта бастауға қатысты барлық мәселелерді талқылауға дайын екенін бірнеше рет мәлімдегенін атап өтті.
Ереван 2024 жылғы ақпанда ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатты. Сол кезде Армения премьер-министрі Никол Пашинян ел ұйым құрамында қала беретінін, алайда оның қызметіне қатысуын тоқтататынын мәлімдеді. Пашинянның пікірінше, ҰҚШҰ 2020 жылы Таулы Қарабақтағы қақтығыс шиеленіскен кезде өз міндеттемелерін орындамаған.
2024 жылғы қарашада Пашинян Астанада өткен ҰҚШҰ саммитіне қатысқан жоқ. Ал 2025 жылғы шілдеде Армения премьер-министрі Ереванның ҰҚШҰ-дағы мүшелігін қайта жандандырғаннан гөрі, ұйымнан шығуы ықтималырақ екенін мәлімдеді.
ҰҚШҰ Жарғысының 20-бабына сәйкес, егер мүше мемлекет ұйым алдындағы бюджеттік қарызын екі жыл бойы өтемесе, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сол мемлекеттің азаматтарын ұйымдағы квоталық лауазымдарға ұсыну құқығын тоқтата тұру туралы шешім қабылдай алады. Сондай-ақ қарыз толық өтелгенге дейін ұйым органдарында дауыс беру құқығынан айыруы мүмкін.
Бұдан бөлек, Жарғыда мүше мемлекет ұйымның ережелерін, Кеңес шешімдерін және сол шешімдерді жүзеге асыру мақсатында қабылданған басқа органдардың шешімдерін орындамаған жағдайда, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі оның ұйым органдарының жұмысына қатысуын тоқтата тұруы немесе ұйымнан шығару туралы шешім қабылдауы мүмкін екені көрсетілген. Мұндай мәселелер бойынша шешімдер тиісті мемлекеттің дауысын есепке алмай қабылданады.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы 11 қарашада Мәскеуде өтеді. Онда мемлекет басшылары Арменияны ҰҚШҰ органдарындағы дауыс беру құқығынан айыру мәселесін талқылауы мүмкін.
Еске сала кетейік, ҰҚШҰ құрамына Ресей, Беларусь, Қазақстан, Армения, Қырғызстан және Тәжікстан кіреді.