ҰҚК Қазақстанның аса маңызды цифрлық объектілерін бақылауға алады

Мұндай объектілердің иелері де жыл сайын киберқауіпсіздік аудитін жүргізуге міндетті болады.

21 Шілде 2026, 14:22
АВТОР
 ҚР ҰҚК 21 Шілде 2026, 14:22
21 Шілде 2026, 14:22
232
Фото: ҚР ҰҚК

Аса маңызды цифрлық объектілерді мемлекеттік бақылау функциялары Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президент Жарлығын іске асыру шеңберінде аса маңызды объектілерге қатысты мемлекеттік бақылау функциялары Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді. Тіпті, аса маңызды цифрлық объектілер ҰҚК-нің толық бақылауына өтеді. Бұл олардың төзімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, бұл әлемдік тәжірибе, – деді вице-министр.

Сонымен бірге, мемлекеттік және аса маңызды мәліметтер сақталатын деректерді өңдеу орталықтары стратегиялық объектілерге жатқызылды.

Енді деректерді өңдеу орталықтары стратегиялық объектілерге жатқызылды. Бұл мемлекеттік маңызды деректер сақталатын орталықтарға қатысты. Олар үшін заманауи сын-қатерлерді ескере отырып, жоғарылатылған қауіпсіздік талаптары қолданылады, – деп түсіндірді Досжан Мұсалиев.

Цифрлық объектілердің иелері үшін де міндетті жыл сайынғы киберқауіпсіздік аудиті енгізіледі. Ол цифрлық инфрақұрылымның ішкі және сыртқы қатерлерден қорғалу деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.

Аса маңызды объектілер жүргізілген аудит туралы есептерді жыл сайын Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне ұсынуы тиіс. Вице-министрдің нақтылауынша, бұрын мұндай міндет болмаған.

Еске салайық, ұялы байланыс күшейткіштерін өз бетінше орнатуға тыйым салынатыны айтылды

Наверх