- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Шетелдік қақтығыстарға қатысқандар қалай жазаланады? – ҰҚК мен Бас прокуратура түсіндірді
Шетелдік қақтығыстарға қатысқандар қалай жазаланады? – ҰҚК мен Бас прокуратура түсіндірді
ҰҚК мен Бас прокуратура шетелдік қақтығыстарға қатысқан қазақстандықтарға қандай жаза көзделетінін түсіндірді.
Бүгiн 2026, 10:03
2026 жылғы 15 ақпанда шетелдік Al Jazeera басылымы әртүрлі елдің мыңдаған азаматы Газа секторындағы қарулы қақтығысқа қатысуы мүмкін екені туралы материал жариялады. Онда шетелдегі соғыс қимылдарына Қазақстан азаматтарының да араласуы ықтимал екені және олардың арасында қос азаматтығы бар тұлғалар болуы мүмкіндігі айтылған.
BAQ.KZ тілшісі Қазақстан заңнамасына сәйкес шетелдегі соғысқа қатысқан азаматтарға қандай жаза қарастырылғанын, сондай-ақ қос азаматтық үшін қандай жауапкершілік көзделетінін анықтады.
Не қылмыс болып саналады?
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің BAQ.KZ ресми сауалына берген жауабында еліміздің заңнамасы азаматтардың шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысуына тікелей тыйым салатыны айтылды.
Ведомство мәліметінше, мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша сараланады.
Аталған қылмысты жасағаны үшін бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысушыларды анықтау және оларды заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тарту шараларын қабылдайды, - деп хабарлады ҰҚК.
Осылайша, азамат жалдамалы ретінде әрекет етпегеннің өзінде, Қазақстаннан тыс жерде кез келген тараптың жағында соғыс қимылдарына қатысуының өзі қылмыс болып саналады.
Жалдамалылық үшін жаза қатаңырақ
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы BAQ.KZ ресми сауалына берген жауабында жалдамалыларды тарту, оқыту немесе қаржыландыру үшін анағұрлым қатаң жауапкершілік көзделгенін мәлімдеді.
Жалдамалыны жалдау, оқыту, қаржыландыру немесе өзге де материалдық қамтамасыз ету, сондай-ақ оны қарулы қақтығыста, соғыс әрекеттерінде не конституциялық құрылысты құлатуға, мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерінде пайдалану жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен, мүлкін тәркілеумен жазаланады, – делінген Бас прокуратураның жауабында.
Сонымен қатар, жалдамалының өзіне де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Жалдамалының қарулы қақтығысқа, соғыс әрекеттеріне немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысуы жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен, мүлкін тәркілеумен немесе онсыз жазаланады, - деп нақтылады қадағалау органы.
Прокуратура мәліметінше, шетелдік қақтығыстарға қатысу дерегі анықталған әрбір жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, тиісті тергеу жүргізіледі.
Қос азаматтық үшін не көзделген?
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі BAQ.KZ ресми сауалына берген жауабында елімізде қос азаматтыққа тыйым салынғанын еске салды. Мұндай факт анықталған жағдайда адам Қазақстан азаматтығынан айырылып қана қоймай, әкімшілік жауапкершілікке де тартылады.
Қос азаматтық анықталған кезде тұлғаның Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылғаны тіркеледі. Бұл ретте азамат ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыруға міндетті. Сонымен қатар, тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады, - деп хабарлады министрлік.
Азаматтығы тоқтатылғаннан кейін қазақстандық құжаттарды пайдаланғаны үшін айыппұл қарастырылған.
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған тұлғаның паспортты және (немесе) жеке куәлікті пайдалануы үшін сот 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салады. Ал басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы уақытылы хабарламағаны үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл не Қазақстан аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу көзделген, - деп атап өтті ІІМ.
Алайда азамат басқа елдің азаматтығын алғаны туралы мемлекеттік органдарға уақытылы хабарлаған жағдайда жауапкершіліктен босатылады.
Қанша адам жауапқа тартылды?
ІІМ деректеріне сәйкес, соңғы жылдары қос азаматтық деректері бойынша анықталған жағдайлар саны артып келеді:
- 2023 жыл – 664 адам;
- 2024 жыл – 675 адам;
- 2025 жыл – 764 адам.
Мұндай жағдайларда Қазақстан азаматтығы жойылады және оны қайта алу кезінде шектеулер туындауы мүмкін.
Осылайша, Қазақстан заңнамасы азаматтардың шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысуы мен жалдамалылық әрекеттеріне қатаң жауапкершілік қарастырады. Мұндай құқықбұзушылықтар үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар, елімізде қос азаматтыққа тыйым салынған: ол анықталған жағдайда азаматтықтан айыру, құжаттарды тапсыру және әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Еске салсақ, Ресейдегі соғысқа қатысқан солтүстікқазақстандық ер адам 6 жылға сотталды.
Ең оқылған:
- 8 наурыз қарсаңында көпбалалы аналарға 20 мың теңгеден беріледі
- Денис Теннің жолын жалғаған чемпион: Президент Михаил Шайдоровты марапаттады
- 1000-нан астам сарбаз 300 млн теңге несиені кейін төлейтін болды
- Ауа райы: Қыстың соңғы аптасы қандай болады?
- Ақтөбеде күйеуін өлтірген әлеуметтік қызметкер сот залынан босатылды: Заңды ма?
Аида БАТУХАН