Университеттерде сұранысқа ие мамандықтарға гранттар 50%-ға өседі

12 Қазан 2021, 11:14
5146
Бөлісу:
Университеттерде сұранысқа ие мамандықтарға гранттар 50%-ға өседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Bilimdi ult ұлттық жоба аясында 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастар тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтылатынын айтты. 

Сонымен қатар сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім гранттарының саны 50%-ға өседі.

Оның айтуынша, ұлттық жоба аясында қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту көзделген. Колледждерге академиялық дербестік беріледі және барлық оқу бағдарламасы еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңартылады. Жергілікті бюджет есебінен колледждерді заманауи оқу-өндірістік шеберханалармен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі, - деді Асхат Аймағамбетов.
Барлық колледжде WorldSkills талаптарын ескере отырып, құзыреттіліктерді анықтайтын демонстрациялық емтихан енгізіледі. Дуальді оқытуға қатысатын кәсіпорындарды ынталандыру есебінен 2025 жылға қарай дуальді оқытумен қамту өседі.

Сонымен қатар қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру да жоспарланып отыр.

Сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім гранттарының саны 50%-ға өседі. Сондай-ақ оқу бағдарламалары жаңа жағдайларға бейімделеді. Ол үшін инновациялық бағдарламалар әзірленеді, білім беру бағдарламалары еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңартылады, - деп айтты БҒМ басшысы.

Министр баяндағандай, қазақстандық ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 20 академиялық артықшылық орталығы және Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық жоғары оқу орны құрылады.

Сонымен бірге 2025 жылдың соңына дейін шетелдің 5 жоғары оқу орнының филиалын ашу жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы