Бүгін Үндістанның Одиша штатында қаралы күн. Теміржол торабында болған апат салдарынан көз жұмғандар саны 300-ге жуықтады, тағы 900-і түрлі жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«МИР 24» хабарлауынша, Ченнаидан шыққан пойыз Калькуттадан 200 шақырым жерде рельстен шығып кеткен. Олардың 10-12 шақтысы параллель жатқан теміржолдағы тауарлық пойызға қарай сырғып кеткен. Шамамен 20 минуттан кейін апат болған жерге жоғары жылдамдықпен келе жатқан пойыз соқтығысады.
Мен вагонның ішінде кетіп бара жатып оның аударылып бара жатқанын сезіндім. Адамдар бір-біріне құлай бастады. Заттар да жерге түсе бастады. Не болғанын түсінбей, шок болып қалдым, - деді оқиға куәгері Вандана.
Қайғылы оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат жетілер шамасында болған. Құтқару операциясы түні бойы жалғасты. Көмекке әскерилер де келді. Ауруханалар жарақат алғандармен толықты. Көптеген науқас ауыр жағдайда.
Бүгін Үндістанда қаралы күн деп жарияланды. Үкімет төтенше кеңес өткізді. Министрлік қаза болғандардың туыстарына 1 млн рупий көлемінде компенсация төленетінін мәлімдеді. Пойыз не себепті рельстен шыққаны анықталмады. Тергеу жүргізіледі.
Бұл - сұмдық апат. Қаза болғандардың туыстарына көңіл айтамын. Қазір біздің алдымызда неғұрлым көп адамның өмірін сақтап қалу міндеті тұр, - деді Одиша штатының бас министрі Навин Патнаик.
Еске салсақ, Үндістанның теміржол желісі әлемде төртінші орынға тұрақтайды. Оның алдында АҚШ, Ресей, Қытай бар. Елдің теміржол желісінің ұзындығы 125 мың шақырымнан асады.
1995 жылдың тамызында Нью-Делиге жақын маңда екі пойыз соқтығысып, 358 адам мерт болған еді. Қазіргі апат қаза болғандардың саны бойынша ел тарихындағы ең ірі апат болуы мүмкін.