Үндістанның Уттаркаши қаласында үш күн бұрын туннель опырылып, 40 жұмысшыны құтқару жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үйіндіні тазалау үшін экскаваторлар тартылды. Жұмысшыларды шығарып алу мақсатында ұзындығы шамамен 70 метр болатын болат құбыр салу жоспарланып отыр.
Еске салайық, жексенбіде Уттара-кханд штатында салынып жатқан туннельдің 200 метрдей бөлігін лай батпақ пен тас басып қалған. Абырой болғанда, туннель астында қалған жұмысшылардың бәрі аман.
Әзірге апатқа не себеп болғаны белгісіз. Төрт жарым шақырымға созылатын алып нысан аймақтағы туристік мекендерді байланыстыруға бағытталған ірі жоба болатын.
Жер астында қалған жұмысшылар оттегі мен тағамды арнайы тар түтіктер арқылы алып жатыр.
Олар сондай-ақ рация бойынша жағдайларын хабарлап отыр. Жергілікті шенеуніктер туннельдегі адамдарға жалпы 5-6 күн ауа жеткілікті екенін атап өткен.