Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Үндістан мен АҚШ сауда келісімі бойынша келіссөздерді қайта жалғастырды

17 Қыркүйек 2025, 00:32
463
Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Үндістан мен АҚШ бірнеше ай бойы тоқтап қалған сауда келісімі бойынша келіссөздерді қайта жалғастырды. Делиде өткен біркүндік кездесуге АҚШ-тың Сауда өкілі Брендан Линч бастаған делегация және Үндістанның Сауда департаментінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Үнді тарапы бұл кездесуді «ресми келіссөздер раунды емес, тек өзара түсіністікке ұмтылу қадамы» деп сипаттады.

АҚШ пен Үндістан арасындағы сауда қатынастары Дональд Трамп әкімшілігінің үнді тауарларына 50% жоғары баж енгізуінен кейін күрт нашарлаған еді. Бұл шешім, сондай-ақ Делидің Ресейден мұнай мен қару-жарақ сатып алуына байланысты қабылданған жаза ретінде түсіндірілген.

Тарифтер Үндістанның АҚШ-қа экспорттайтын негізгі тауарларына – киім, асыл тастар, асшаяндар мен зергерлік бұйымдарға ауыр соққы болды.

Келіссөздерде басты түйткілдердің бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Вашингтон Үндістан нарығына кеңірек жол ашуды талап етсе, Дели азық-түлік қауіпсіздігі мен миллиондаған ұсақ фермерлердің мүдделерін қорғауды алға тартып отыр.

Соңғы күндері тараптардан мәмілеге қол жеткізуге дайындық бар екенін білдіретін мәлімдемелер жасалды. АҚШ-тың Үндістандағы келесі елшісі Серхио Гор «сауда келісімі алдағы апталарда болуы мүмкін» деп сендірді.

Өзгелердің жаңалығы