Үндістан алғаш рет жеке компания жасаған Vikram-1 зымыранын ұшырды

Биіктігі шамамен 22 метр болатын Vikram-1 төмен Жер орбитасына 350 келіге дейінгі пайдалы жүкті шығара алады.

 Special Arrangement 19 Шілде 2026, 05:46
19 Шілде 2026, 05:46
323
Фото: Special Arrangement

Үндістанның Skyroot Aerospace жеке компаниясы алғаш рет Vikram-1 зымыран-тасығышын сәтті ұшырды. Зымыран 18 шілдеде Шрихарикота аралындағы Сатиш Дхаван ғарыш айлағынан көкке көтерілді.

Биіктігі шамамен 22 метр болатын Vikram-1 төмен Жер орбитасына 350 келіге дейінгі пайдалы жүкті шығара алады.

Бұл ұшыру барысында зымыран үнділік және шетелдік тапсырыс берушілердің бірнеше тәжірибелік жүктерін орбитаға жеткізеді. Олардың қатарында зертханада өсірілген алмас пен ғарыш қоқысын тазартуға арналған роботтандырылған манипуляторлар бар.

Компанияның мәліметінше, миссияның негізгі мақсаты – зымыранның қозғалтқыш жүйесін, авионикасын, телеметриясын және навигациялық жүйелерін сынақтан өткізіп, болашақ коммерциялық ұшыруларға қажетті деректерді жинау.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди бұл оқиғаны елдің ғарышты игеру тарихындағы маңызды кезең деп бағалады.

Үндістан 2020 жылы ғарыш саласын жеке инвестицияларға ашып, жеке компанияларға зымырандар мен спутниктер жасап, ғарыш аппараттарын ұшыруға мүмкіндік берген болатын. Бұған дейін бұл жұмыстармен тек Үндістанның ғарыштық зерттеулер ұйымы (ISRO) айналысқан.

Ел үкіметі 2033 жылға қарай Үндістанның әлемдік ғарыш экономикасындағы үлесін 2%-дан 10%-ға дейін арттырып, саланың көлемін 44 млрд АҚШ долларына жеткізуді жоспарлап отыр.

Наверх