Ұлытауда жел станциясын салмақ болған инвестордың құқығы қорғалды

12 Сәуір 2024, 15:01
209
Бөлісу:
Ұлытауда жел станциясын салмақ болған инвестордың құқығы қорғалды

Ұлытау облысының прокуратурасы шетелдік инвестордың үш түрлі саладағы проблемалық мәселелері бойынша құқықтарын қорғады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Mezgilder Qushteri» ЖШС (бұдан әрі – Инвестор) құны 75 млрд теңге болатын жел станцияларын салу жобасын іске асыруда.

Бірінші жағдайда, компанияның нақты тіркелген мекен-жайы бойынша кеңсесі болғанына қарамастан (инвестор өз компаниясын Сәтбаев қаласында тіркеді), фискалдық орган оның банктік шоттарын негізсіз бұғаттап, сотқа заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеудің күшін жою туралы талап қойған.

Бұл оның жұмысын тоқтатып, инвестициялық жобаны жүзеге асырудың кешеуілдеуіне әкеп соққан.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша талап-арыз қайтарылып, инвестордың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді және кінәлі лауазымды адамдар жауапқа тартылды.

Екінші жағдайда, Инвестор өткен жылдың қазан айынан бастап экологиялық рұқсат ала алмай келген.

Экология департаменті (бұдан әрі – Департамент) жобада жел станцияларының бөлшектерін жою полигонының болмауына байланысты рұқсат беруден бас тартқан. Мұндай полигонды орналастыру ұлттық заңнамамен реттелмеген.

Прокуратура инвесторға бұл мәселе заңмен реттелгенге дейін қауіпті қалдықтарды жою, қауіпсіз сақтау немесе көму бойынша міндеттемелерді қабылдауды ұсынды.

Жел станциясының бөлшектері істен шыққан жағдайда ғана қауіпті қалдықтар ретінде танылады.

Біздің ұсыныстарымызбен Департамент келісіп, қысқа мерзімде инвесторға тиісті рұқсат берілді.

Үшінші жағдайда, Инвестор жыл басынан бері құрылыс жұмыстарын бастау үшін «Жезқазған-эйр» АҚ шешімімен құрылған тұрақты комиссияның рұқсатын ала алмай келген.

Жел турбиналарының радиолокациялық кедергілері жергілікті әуежайдың қалыпты жұмысына кедергісін келтіретіндіктен рұқсат беруден бас тартылған.

Алайда прокуратура инвесторға жел турбиналарының құрылысын басқа жерге (жер учаскесін өзгертпестен) ауыстыруды ұсынып, «Жезқазған-эйр» АҚ-ға өтінішті жедел қарау және оң қорытынды беру туралы хат жолдады.

Қазіргі таңда инвесторға оң қорытынды берілді.

Өзгелердің жаңалығы