22 қыркүйекте Сәтбаев қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан, 2025 жылдан бері пайдаланылмай тұрған №45 шахтаның аумағында өрт шықты. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Шахтадағы копердің ағаш конструкциялары шамамен 50 шаршы метр аумақта өртенген.
Оқиға орнына Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Құтқарушылар келген кезде шахтаның башнялы копері өртеніп жатқаны анықталды. Кейін өрт жер астындағы шахта оқпанының ағаш конструкцияларына (шпалдарға) тараған.
Кешке қарай өрт толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Өртті сөндіруге Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің шамамен 35 қызметкері мен 10 техникасы, сондай-ақ «ЖАСО» тау-кен құтқарушылары жұмылдырылды.