Ұлытау облысының прокуратурасы Жәйрем кентінің бірге тұратын әйелін өлтіргені үшін сотталған тұрғынына тағайындалған жазаны қатаңдатуға қол жеткізді. Бұл туралы өңірдің прокуратурасы мәлімдеді.
Қадағалаушы органның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, прокурор сотталған азаматтың әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша саралауға келіспеген. Осыған байланысты апелляциялық наразылық келтіріп, қылмысты аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру ретінде қайта саралау қажеттігін көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот прокурордың уәждерімен келісіп, сотталған азаматтың әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша қайта саралады. Нәтижесінде бас бостандығынан айыру мерзімі 13 жылдан 17 жылға дейін ұзартылды.
Сот актісі заңды күшіне енді.