Ұлытау облысында жыл соңына дейін ет фермасы іске қосылады

Аманғалий Бердалин Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті.

 istockphoto.com 29 Қараша 2026, 14:53
29 Қараша 2026, 14:53
164
Фото: istockphoto.com

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғалий Бердалин Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында өңір тұрғындары және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Кездесуде агроөнеркәсіп кешенін дамыту перспективалары, инвестициялық жобаларды іске асыру, мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі және шаруаларды толғандырған өзекті мәселелер талқыланды.

Кездесуге қатысушылар жеңілдетілген қаржыландыру мен субсидия алу мүмкіндіктеріне, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, шаруашылықтарды жемшөппен қамтамасыз етуге және өндірістік қуаттарды кеңейтуге қатысты сұрақтарын қойды. Вице-министр азаматтарды жеке қабылдады.

Аманғалий Бердалиннің айтуынша, Мемлекет басшысы мал шаруашылығын аграрлық экономика мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде жүйелі дамытуды міндеттеген.

«Мемлекет өз кезегінде шаруаларды қолдау тетіктерін жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Олардың қатарында жеңілдетілген несие беру, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке ұсыну бар. Бұл тетіктер шаруашылықтар үшін қолжетімді болып, өндіріс көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауылдық аумақтарды дамыту сияқты нақты нәтижелерге жеткізуі маңызды», – деді Аманғалий Бердалин.

Ұлытау облысында алты жоба жүзеге асырылады

Жұмыс сапары аясында вице-министр Жаңаарқа ауданындағы мал шаруашылығы жобаларының іске асырылу барысымен де танысты. Жалпы, өңірде 2026–2027 жылдары етті мал шаруашылығын, асыл тұқымды мал өсіруді, бордақылау қуаттарын және жеке жемшөп базасын дамытуға бағытталған алты жаңа нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Солардың бірі – Бидайық-2 ауылындағы «Orynbai Meat» ӘКК-нің толық өндірістік циклі бар ет фермасы. Жобаға 216 миллион теңге инвестиция салынады. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін іске қосу көзделген.

Алғашқы кезеңде фермада ет бағытындағы 600 бас ірі қара ұстау жоспарланған. Кейін мал басын 1 200-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Жоба аясында жемшөп өсіру мен дайындаудан бастап, етті өңдеуге дейінгі бірыңғай өндірістік тізбек қалыптастырылады. Жемшөп базасы судан шөбін, арпа, жоңышқа және басқа да дақылдарды су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы өсіру есебінен жасақталады. Болашақта кәсіпорын өнімді экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

Алғабас ауылында «Saryarka Ranch» ӘКК-нің ет бағытындағы асыл тұқымды мал өсіру фермасын құру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның жалпы құны – 375,04 миллион теңге. Оның 350 миллион теңгесі «Жайлау» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы арқылы тартылған.

Бөлінген қаражатқа әулиекөл тұқымының 205 бас асыл тұқымды ірі қарасы сатып алынып, қажетті өндірістік инфрақұрылым салынуда.

Қарамола ауылындағы «Берікбол» шаруа қожалығы да мал шаруашылығы қуаттарын кеңейтуді қолға алған. Қолданыстағы үш мал шаруашылығы алаңының негізінде жеке жемшөп базасы бар заманауи фермалар салу жоспарланып отыр. Жобаға 250 миллион теңге инвестиция салынады.

Бұл жаңғырту жұмыстары шаруашылықтың өндірістік мүмкіндіктерін арттырып, мал өнімділігін жақсартуға және ішкі нарыққа мал мен ет өнімдерін тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығына инвестиция тартылуда

Жәйрем кентінде вице-министр жалпы құны 452,21 миллион теңгені құрайтын екі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқан «Бастау» шаруа қожалығына барды.

Бірінші жоба 132,21 миллион теңге инвестиция салу арқылы отбасылық ферма құруды көздейді. Екінші жобаға 320 миллион теңге бағытталып, ірі және ұсақ мал өсіру мен оны сатуды дамыту жоспарланған.

Сондай-ақ Аманғалий Бердалин «Әбдіғазиз» шаруа қожалығына барып, оның жұмысымен танысты. Мұнда «Sarysu» кредиттік серіктестігі арқылы берілген жеңілдетілген несие есебінен мал шаруашылығы кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Жобаны қаржыландыру көлемі – 54 миллион теңге. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Шаруашылық «Ulytau sheep» ӘКК жобасына қатысу аясында 700 бас қой алған.

АӨК-ке 4,9 миллиард теңге бөлінді

Жалпы, Ұлытау облысының агроөнеркәсіп кешенінде оң динамика байқалады. 2026 жылы өңірдегі егіс алқабы 26,8 мың гектарды құрап, 23,1 мың тонна астық жиналған. Жемшөп дайындау жоспары толық орындалған.

Сонымен қатар мемлекет меншігіне пайдаланылмай жатқан 67,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылған. Бұл жоспардың 112 пайызына тең.

Саланың дамуына мемлекеттік қолдау шаралары да ықпал етіп отыр. 2026 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 4,9 миллиард теңге қарастырылған. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды қаржыландыруға 5,4 миллиард теңге бағытталған.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 4 миллиард теңге бөлінген. Оның 2,5 миллиард теңгесі үш жобаны іске асыруға қаржыландырылған.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары бойынша 12 фермерге 866 миллион теңге берілген.

Бұдан бөлек, 5 пайыздық мөлшерлемемен айналым қаражатын несиелеу бағдарламасы аясында бордақылау алаңдарын қаржыландыруға 140 миллион теңге, ал қайта өңдеу кәсіпорындарына 100 миллион теңге көлемінде қаржы мақұлданған.

Жұмыс сапары барысында Аманғалий Бердалин Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған өңірлік агрофорумға да қатысты. Іс-шарада салада еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы мамандары мен ардагерлер марапатталды.

Наверх