Ұлытау облысында 940 жұмыс орны құрылады

12 Сәуір 2023, 19:00
742
Бөлісу:
Ұлытау облысында 940 жұмыс орны құрылады
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар мен департаменттердің басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – өңірде индустрияландырудың бірыңғай картасын жүзеге асыру болды. Ұлытау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Г.Төлеуовтің ақпараты бойынша, бірыңғай картаға жалпы сомасы 48,9 млрд теңгеге 8 өнеркәсіптік-инновациялық жоба енгізілген. Жоспарланған жобаларды табысты іске асыру - облыс аумағында 940 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Кеңесте ұсынылған жобалардың жартысын іске қосу – биылға жоспарланып отыр. Олар: «Етті өңдеп, шұжық өнімдерін шығару мүмкіндігіне ие мал сою цехы бар шаруашылық кешенін құру, («ULY DALA Co.» ЖШС Жаңаарқа ауданы); «Мыс өндіру зауытының құрылысы» («Компания Сары Тау» ЖШС, Сәтбаев қ.); «Қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдеу тәжірибелік зауытының құрылысы» («Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, Жезқазған қ.); «Өнеркәсіптік реагент шығару бойынша химия зауытының құрылысы» («КазХимСинтез» ЖШС, Жезқазған қ.).

Бұдан басқа, қазіргі уақытта картаға жалпы сомасы 6,9 млрд теңгеге тағы үш инвестициялық жобаны енгізу туралы мәселе пысықталуда.

Өңір басшысы әр жоба туралы ақпаратты тыңдап, талдап, одан әрі ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Бірыңғай картаны іске асыру барысында туындайтын барлық мәселені арнайы штаб шеңберінде инвесторлармен бірге пысықтау қажет.

Бұдан басқа, өңірде бірыңғай іске асыру картасынан тыс мыс өндіру зауытын және мыс орау сымдарын дайындау цехын салу, «Жаман-Айбат» кен орны базасында мыс өндіру бойынша ЖМЗ газдандыру мен жаңғырту және т.б.жобалар жүзеге аспақ. Оларды әрқашан қолдап әрі бақылауда ұстау керек деп атап өтті облыс әкімі, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы